Чюрлёнис әлеміне саяхат: Түстер мен дыбыстың үйлесімі

ҚР Мемлекеттік Орталық музейі мен Литва Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен белгілі литвалық суретші әрі композитор Микалоюс Константинас Чюрлёнистің шығармашылығына арналған «Чюрлёнис әлеміне саяхат: Түстер мен дыбыстың үйлесімі» халықаралық көрмесі ашылды.

Көрмеге келген қонақтар Чюрлёнистің бейнелеу және музыкалық өнерін ұштастырған туындыларымен танысып, оның шығармашылығындағы философиялық тереңдік пен көркемдік символизмді сезіне алды.

М.К. Чюрлёнис – символизм, модерн мен романтизмді үйлестіре білген Литваның көрнекті өнер қайраткері. Оның кескіндемесі ішкі ырғақ пен музыкалық әуен арқылы ерекше әсер қалдырады. Шебердің артында 200-ден астам музыкалық туынды, соның ішінде симфониялық поэмалар, фортепиано пьесалары мен хорға арналған шығармалар қалған.

Көрменің ресми ашылуында ҚР Мемлекеттік Орталық музейі директорының міндетін атқарушы Сарав Сержан Бараханұлы бұл көрменің Литва мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты нығайта түсетін маңызды оқиға екенін атап өтті. Сондай-ақ, Литва Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Гвидас Керушаускас өз сөзінде: «Чюрлёнистің шығармашылығы — Литва халқының рухани байлығы мен ұлттық жаңғыруының символы» ,- екенін тілге тиек етті.

Салтанатты шарада ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Жәнібек Әбдірашев, Литва консулдығының кеңесшісі Антанас Шатас, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов та құттықтау сөз сөйледі.

Telegram-канал: Чюрлёнис әлеміне саяхат: Түстер мен дыбыстың үйлесімі

Көрмеге «Әлемнің жаратылысы», «Теңіз сонатасы», «Патшалар туралы ертегі», «Періштелер (Жұмақ)», «Құрбандық үстелі» сынды 20-ға жуық маңызды жұмыстың репродукциялары қойылды. Әрбір туынды мазмұндық түсіндірме мәтінмен толықтырылған.

Кеш барысында композитордың музыкалық шығармалары орындалып, көрмеге келген қауым шебердің музыкалық әлеміне терең бойлады.

Көрме 2025 жылдың маусым айының соңына дейін жалғасады. Бұл – көрерменге Чюрлёнис әлемін тануға, оның философиясын түсінуге және рухани көркемдікпен ұштасуға мүмкіндік беретін бірегей жоба.