Даму талаптарына сай заңгерлерді даярлау бағытын ұстанған факультет

Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті — білім шаңырығы еліміздегі ең таңдаулы жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Оның ұстанып отырған негізгі бағыты: өресі кең, білімі терең, бәсекеге қабілетті, заман ағымының қиындықтарына төтеп бере алатындай жігерлі азаматтарды тәрбиелеу, мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін шаршамай күресе білетін отансүйгіш, қандай істің болмасын байыбына барып, сындарлы шешім қабылдауға қауқарлы мамандарды қалыптастыру.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і кең салалы білім беру ордасы болып табылады. Онда, оның факультеттерінде азаматтарға әр түрлі бағытта (ғылыми, оқытушылық, экономикалық, құқықтық, медициналық, халықаралық …) терең білім алып, білімді ді білікті маман ретінде қалыптасуына барша мүмкіндіктер жасалған.
Университеттің факультеттерінің бірі — заң факультеті туралы айтсақ, ол білім беру, ғылыми және инновациялық қызметті және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды тиімді жүзеге асырады. Факультетте біліктілігі жоғары танымал ғалымдармен қоса ҚР Парламенті, ҚР Жоғарғы Соты, ҚР Президенті Іс Басқармасы, Құқық қорғау органдары мен Ғылым академиясы қызметкерлерінен құралған жоғары тәжірибелі мамандар да білім береді. Заң факультетінің ғылыми-оқытушылық құрамының басым көпшілігі шет тілдерін меңгерген, АҚШ, Англия, Түркия және өзге де мемлекеттерде тағылымдамадан өтіп келген, болашақ бағдарламасы бойынша білім алып біліктілігін шыңдаған азаматтар. Заң факультеті мемлекет пен құқықтың өзекті мәселелері бойынша республикалық және халықаралық конференциялардың, оның ішінде «Әл-Фараби оқулары» атты студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми конференциясының, сондай-ақ Қазақстан студенттері арасында жыл сайынғы республикалық құқықтық олимпиаданың тұрақты ұйымдастырушы болып табылады.
Бүгінгі даму заңдылығына байланысты құқық пен заңның үздіксіз динамикаға ұшырайтындығын, жаңа заманның еңбек нарығының сұранысын ескере отырып заң факультетінде жоғары білім беру алуан түрлі мамандықтар бойынша жүргізіледі.
Факультет студенттің академиялық біліктілігін арттырумен қатар, оның жүріс-тұрысының, мінез-құлқының тиісінше деңгейде болуына, шығармашылық әрекеттерге қабілетті болуына, яғни студенттің толыққанды қалыптасқан тұлға ретінде жетілуіне де баса назар аударады. Басқаша айтқанда, факультетте студенттердің белсенді өмірлік ұстанымын, отансүйгіштік рухын, рухани дүниетанымын қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған, студенттерге өздерінің қабілеттерін толық ашуға, дарындылықтары мен таланттарын дамытуға мол мүмкіндіктер берілген. Оның дәлелі — факультет қабырғасында жұмыс істейтін: Заң Клиникасы, Студенттік Кеңес, Студенттер сенаты, «Дені саудың жаны сау» атты тәрбиелік шаралар, студенттерді Тұрақты даму саласындағы мақсаттар (ЦУР) бойынша хабардар етіп, олардың тиісті мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған шараларға қатыстыру, т.с.с. студенттік топтармен дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын өзге де тәрбиелік іс-шаралар. Жоғарыда аталғандармен қоса, жалпы университет деңгейінде студенттерге қызмет көрсету орталығы — «Керемет» жұмыс істейді.
Олай болса, Қазақ ҰУ заң факультетінде терең заңи білім алып, оған қоса жоғары моральдық-адами қасиеттерін қалыптастырған мұн¬дай студенттердің Қазақстанның жарқын болашағының, құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуының бүгінгі кепілі болып табылары сөзсіз, ал мұндай ұрпақ егемен де тәуелсіз еліміздің қарқынды дамуына өз үлесін қосары даусыз. Тарихы терең, тағылымы мол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінде білімге сусындаған, одан түлеп ұшқан күні кешегі студенттер бүгінде бірқатар мемлекеттік саяси қызметтерді атқарып, ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау органдарында, халықаралық ұйымдарда қызмет етуде.
Заң факультетінде магистранттардың Баку мемлекеттік университетімен (Әзірбайжан), Висмара университетімен (Германия) және Варшава университетімен (Польша), т.б. қос диплом бағдарламасы бойынша білім алуы қарастырылған. Сонымен қоса, факультет әлемнің бірқатар жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Атап айтсақ, Д.Дидро университеті (Париж, Франция), Ла-сапиенс университеті (Рим, Италия), Лазар университеті (Варшава, Польша), Вашингтон университеті (Нью-Йорк, АҚШ), Әзірбайжан мемлекеттік университеті (Баку, Әзірбайжан), Стамбул университеті (Стамбул, Түркия), Таллин университеті (Таллин, Эстония), шешен мемлекеттік университеті (Грозный, РФ), т.б.
Факультетте шетелдік студенттердің оқып, кәсіби білімін қалыптастыруы үшін, олардың білімін шыңдауы үшін үш тілде білім алу мүмкіндіктері жасалған. ҚазҰУ-нің заң факультетінде білім алып, одан түлеп ұшқан түлектер факультеттің білімді де білікті, сындарлы, кәсіби оқытушыларынан алған сапалы, терең білімінің нәтижесінде еңбек жолында, ғылыми жолда қиындықтардан сүрінбей өтіп, бүгінде біразы Қазақстаннан оқуға жолдама алып шет елде білімі мен біліктілігін шыңдап, тағылымдамадан өтіп жатыр.
Университеттің заң факультетін жеке бөліп қарастырмай жалпы айтсақ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тек білім беру орны ғана емес, ол бірмезетте зерттеу орталығы да. ҚазҰУ-нің зерттеу университеті мәртебесін алуы жоғары білімді мамандарды даярлау, ғылыми зерттеулердің кең спектрін жүргізу және оларды одан әрі коммерцияландыру жөніндегі міндеттерді іске асыруға бағытталған шараларды іске асыруды күшейтті.

ЖАРБОЛОВА А. Ж.,
з.ғ.к., мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының аға оқытушысы