Электронды есеп-фактураларды талдау: БҚО-да кәсіпкер ӘМАТ тауарларын 60%-ға жуық сауда үстемесімен сатқан

ҚР СИМ Батыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алып, сауда желілері мен дүкендерге қайта сататын «Смирнова» ЖК-ның электронды есеп-фактураларына талдау жүргізді.

Талдау барысында 72,2% майлылығы бар «Крестьянское» сары майының келісін 3380-3557 теңге аралығында импорттап, дүкендерге 4600 теңгеден сатқан. Бұл ретте сауда үстемесі 29,3%-ды құраған. Сонымен қатар, 9% майлылығы бар «Из села Удоево» сүзбесін 287-301 теңге аралығында сатып алып, сауда нысандарына 59,7% сауда үстемесімен 440-460 теңгеден сатқан.

«Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 9-бабының 1-тармағына сәйкес, сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын жеткізу шартында көрсетілген өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15%-дан аспайтын шекті сауда үстемесін белгілеуге міндетті.

Осыған орай өңірлік департамент жеке кәсіпкерді ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 204-1 бабы бойынша ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты. Алайда, кәсіпкер қаулымен келіспей, Орал қаласының мамандандырылған сотына қаулының күшін жою және істі тоқтату туралы шағым түсірді. Сот істі қарастырып, Батыс Қазақстан облысы Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің шығарған қаулысын өзгеріссіз қалдырды.

Жыл басынан бері Сауда комитеті аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерімен бірлесіп, электронды есеп-фактуралар арқылы 9,2 мың тізбекке талдау жүргізді. Оның ішінде 3,7 мыңнан астам сауда заңнамасын бұзу тәуекелі анықталды. Биылғы жылы Сауда комитеті өткен жылмен салыстырғанда электронды есеп-фактураларды талдауды екі есе арттырды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті