Елімізде балалардың жарақат алу дерегі көбейіп барады
Көбіне балалар сіріңкемен ойнағанда немесе жол ережесін сақтамаған кезде, қараусыз қалғанда терезеден құлап оқыс оқиғаға тап болады. Көп жағдай ересектердің қарауынсыз қалған сәтте немесе ата-аналардың назарынан тыс қалған уақытта болады. Соңғы үш жылда өрт салдарынан 5 бала қаза тауып, 12 бала зардап шекті. Өкінішке қарай, ағымдағы жылы 1 бала отпен ойнау салдарынан қаза болды.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері профилактикалық шаралар кешенін жүргізіп жатыр. Бұл жұмыс балабақшалардан басталады. Олар балабақшаларға барып, викториналар ұйымдастырады. Балаларға төтенше жағдай орын алғанда қажетті шаралар туралы түсіндіреді.
Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, терезеден құлау – балалардың жарақаттануы мен өлімінің негізгі себептерінің бірі. Сондықтан бала терезеден құлап кетпес үшін жиһаздың барлық түрін терезеден алыс қойып, балалар бар бөлмеде терезені ашық қалдырмау керек. Балалардың терезеден құлап кетуіне жол бермейтін техникалық құралдарды орнату, балаға сіріңкемен ойнауға болмайтынын түсіндіріп, өрт қауіпсіздігінің алдын алу туралы айту маңызды.
Ағымдағы жылдың басынан бері қалада барлығы 307 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 54 оқиға орын алып, 24 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Сондай-ақ, 2024 жылдың 5 айында Астана қаласының білім беру ұйымдарының маңындағы жол инфрақұрылымын дамытудың ағымдағы жылға арналған кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 48 білім беру мекемесінің жанында сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде «Астана қаласының Көлік және көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ-не және қаланың аудан әкімдіктеріне кемшіліктерді жою үшін 39 нұсқама берілген. Сонымен қатар «Мектеп – үй» бағыттары қаралып, сауалнама қорытындысы бойынша жолдарды және көлік қозғалысының техникалық құралдарын күтіп ұстауда анықталған кемшіліктерді жою үшін аталған басқармаға және аудан әкімдіктеріне 47 ұйғарым жіберілген.
«Астана қаласының Көлік және көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ-мен бірлесіп 20 аумаққа қызыл жарқырау индикаторларын орнату жоспарланған. Астана қалалық ПД ЖБО 239 мемлекеттік білім беру мекемесіне 6 320 бейнекамера мен 212 дабыл түймесі орнатылды. Барлық мемлекеттік мектептер орталық басқару орталығына шығатын бейнебақылау жүйесімен жабдықталған және жеке күзет компанияларының жұмысымен қамтамасыз етілген. Берілген нұсқаулықтар аясында мектеп жанындағы 5 аумақта 3.24 «Шекті жылдамдық 20 км/сағ» жол белгілері орнатылды.
«Автобус» жедел профилактикалық іс-шара аясында 58 мектеп автобусы балаларды білім беру ұйымдарына тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардан шығарылған кезде, олардың техникалық жай-күйі тексеріліп, техникалық байқаудан өткізіліп, өрт сөндіру және алғашқы медициналық көмек көрсету құралдарының болуы қаралады. Тексеру қорытындысы бойынша ӘҚБтК-нің 617-бабының 1-бөлігімен көлік құралдарын пайдалануға шығару және олардың техникалық жай-күйіне қатысты 2 әкімшілік іс қозғалды. Жүргізушілермен балаларды тасымалдаудың ерекшеліктері, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау және автобусқа отырғызу, түсіру тәртібі туралы түсіндірме әңгіме жүргізілді. Барлық жүргізушілер жүргізуші куәлігінің тиісті санатына, әкімшілік құқық бұзушылық пен соттылығының болмауына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің барлық арнайы есептері, оның ішінде «педофилия» санатына тексеріледі.