NU-да 10-шы бітіруші түлектер легіне салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті

NU-да 10-шы бітіруші түлектер легіне салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті

Биыл 1 500-ден астам адам, оның ішінде 54 шетелдік студент диплом алып отыр. Рәсім курстың үздік студенттері, ЖОО басшылығы мен профессорларының, Парламент депутаттарының, университеттің Қамқоршылық кеңесі мүшелерінің, министрліктер мен компаниялар өкілдерінің, сондай-ақ өткен жылдардағы түлектердің қатысуымен әлемдегі ең мықты жоғары оқу орындарының үлгісінде өтті.

NU президентінің м.а. доктор Илесанми Адесида өзінің құттықтау сөзінде атап өткендей, NU елдің, өңірдің және әлемнің дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретін стратегиялық платформа ретінде құрылған. «Өздеріңіз білетіндей, Nazarbayev University жақында Times Higher Education (THE) әлемдік рейтингінде үздік 30%-ға кірді. Дайындық мектебі, Жоғары Мемлекеттік саясат және бизнес мектептері, Медицина мектебі академиялық бағдарламалары аккредитация алып, сондай-ақ Инженерия және цифрлық ғылымдар, Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектептері, математика, физика, химия және биология салалары бойынша бағалау сатысында тұрмыз. Біз Еуропалық университеттер қауымдастығының оң бағасын алдық. Әрі қарай әлемдегі ең мықты университеттермен тең дәрежеде серіктес болуға тырысамыз», — деді доктор Адесида. Ол сондай-ақ түлектерді елдегі маңызды өзгерістердің басында тұру үшін батыл және еңбекқор болуға шақырды.

Биыл 1 507 адам диплом алды, оның ішінде 54 шетелдік студент бар: атап айтқанда, 1 038 бакалавр, 408 магистр, 42 PhD және 19 медицина докторы. Жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі (565 түлек) және Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебі (582 адам) ең көп маман дайындады. Медицина мектебін биыл 139 студент, Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебін 57 адам бітірді. Жоғары Бизнес, Білім беру және Мемлекеттік саясат мектептері 164 маман дайындады.

Университеттің миссиясы – қазақ қоғамының барлық саласында және одан тыс жерлерде мемлекеттік саясат пен бизнестен бастап, білім мен ғылымға дейін өзгерістердің басында тұратын біліктілігі жоғары мамандарды даярлау, деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов.

«NU – Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі жетекші университеттердің бірі, біз мұны үлкен мақтанышпен айта аламыз. Мұндай университетте білім алу – біздің студенттер үшін мақтаныш қана емес, сондай-ақ үлкен жауапкершілік. Сондықтан олар университет қабырғасында жүріп алған білімдерін елімізді және экономикамызды дамыту үшін пайдаланады деп сенемін. Барлық түлектерге табыс тілей отырып, оқытушыларға да алғыс айтқым келеді», — деді Аймағамбетов NU бакалавриатты аяқтаған 10 үздік студентке диплом табыстағаннан соң.

Сонымен қатар түлектерді оқу бітіруімен ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтады. Ол биыл бітіріп отырған үздік магистрлер мен докторларға дипломдарын табыстады.

«Сынға және кейбір жеке пікірлерге қарамастан, NU – елдің негізгі зерттеу университеттерінің бірі. Елдегі инновациялық зерттеулер мен жоғары білімге жетекшілік ете отырып, ол сіздер сияқты талантты көшбасшыларды тәрбиелейді. Мен өз сөзімді NU оқытушылары мен басшылығына, ғылыми инфрақұрылымға, сіздердің адалдықтарыңыз бен еңбекқорлығыңызға алғыс айтудан бастадым. NU әлемдегі ең үздік 100-ге жуық жас университеттің және Азиядағы үздік ЖОО-лардың 11%-ы қатарына кірді және, әрине, Қазақстандағы №1 зерттеу университеті болып отыр», — деді Саясат Нұрбек. Ол сондай-ақ мемлекет ғылыми зерттеулерге, инновациялық жобаларға және жоғары білім беруді дамытуға инвестиция салуды, сондай-ақ жас мамандарға қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты.

Алғашқы бітіру салтанатынан бастап инженерия, жаратылыстану ғылымдары, технологиялар және гуманитарлық ғылымдар салалары бойынша барлығы 8 746 адам NU дипломын алды. Биылғы түлектерді және оқуын жалғастырып жатқан студенттерді қоса санағанда, 15 мың адам NU “ДНҚ-сын тасымалдаушы” қауымдастықты құрайды. Олардың негізгі ерекшеліктері – академиялық адалдық пен транспаренттілік қағидаларын ұстануы, сыни ойлау қабілеті мен білімге құмарлығы, бастамашылдығы.

Биылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша жұмысқа тұрған NU түлектерінің шамамен 92%-ы (5 277) Қазақстан экономикасының игілігіне қызмет етуде, 8%-ы (458) әлемнің жетекші компанияларында тәжірибе жинап жатыр. Олардың басым бөлігі білім мен ғылым, ақпараттық технологиялар, өндіріс пен өнім өндіру, сондай-ақ қаржы секторында жұмыс істейді.

Айта кету керек, NU-ды бітіргеннен кейін 10 бакалаврдың төртеуі Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында, соның ішінде NU-да немесе шетелде оқуын жалғастыруда. Олардың білімі Колумбия, Гарвард университеттерінде, Массачусетс технологиялық институтында, Сингапур ұлттық университетінде, Сеул ұлттық университетінде, Король Абдалла атындағы Ғылым және технологиялар университетінде, Мұхаммед бен Заид атындағы Жасанды интеллект университетінде және т.б. білім ордаларында жоғары бағалануда, бұл NU беретін білім сапасы мен оның жоғары беделінің бірден-бір дәлелі.

Салтанатты бөлім бітірушінің арнайы бас киімін лақтырумен және профессор-оқытушылар құрамымен бірге суретке түсумен аяқталды.