Еліміздің жас спортшылары IV қысқы жасөспірімдер олимпиадасында бақ сынайды
Отандық жас спортшылар келесі жылдың 19 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясындағы Каннын қаласында жалауы желбірейтін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында бақ сынайды.
Байрақты бәсеке алдында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев отандық делегацияның және Олимпиадаға қатысатын спортшылардың дайындығы бойынша кеңейтілген отырыс өткізді.
«Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын ұлттық құрама командамыз сапалы дайындалып, нәтижелі өнер көрсетуі үшін биылғы жылы шешуді талап ететін бірқатар ұйымдастыру мәселелері бар. Осыған байланысты, барлық сұрақты жан-жақты талқылап, уақытылы шешу үшін барлығымыз бас қосып отырмыз. Бұл Ойындар еліміз үшін маңызды іс-шаралардың бірі. Өйткені қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы ұлттық құрама команданың болашақта ізін басатын спортшыларымыздың әлеуетін көрсетеді», — деп атап өтті министр.
Сондай-ақ жиын барысында Ермек Маржықпаев Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне Ұлттық Олимпиада комитеті, Спортты дамыту дирекциясы және Олимпиадалық дайындық орталығымен тізе қосып, бірқатар мәселені шешуді тапсырды. Атап айтқанда, Ойындарға қатысатын спорттық делегацияның сапалы құрамын қалыптастыру, ұйымдастыру комитетінің талаптарына сәйкес спорттық жүктеменің тізбесін пысықтау, делегация мүшелерін жабдықтау кестесін бекіту, спортшылардың дайындық барысы мен ту ұстаушыларды бекіту және тағы басқа маңызды мәселелер.
Канвондодағы IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қоржынында әзірге спорттың 5 түрінен (биатлон, конькимен жүгіру, шорт-трек, керлинг, шайбалы хоккей) 17 жолдама бар. Ал жалпы Олимпиадаға жер-жаһанның 70 елінен келетін 1 800 (950 ұл, 950 қыз) спортшы қатысады деп күтілуде. Спорттың 7 түрінен 15 дисциплина бойынша 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Айта кетейік, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты 2024 жылдың 19 қаңтарында Каннындағы «Gangneuung Oval» спорт кешенінде өтсе, Ойындардың жабылу салтанаты 2024 жылдың 1 ақпанында «Gangneung Olympic Park» спорт кешенінде ұйымдастырылады деп жоспарланған.