Нұрлан Құматаев Қытай делегаттарын қабылдады

Алматы облысында «Alatau INVEST» халықаралық форумы өтті. Басқосуда өңірге инвестиция тарту мәселесі, аймақ потенциалы туралы сөз етілді. Аталған шараның жалғасы ретінде Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев ҚХР-дан келген делегаттарды қабылдады. Олардың қатарында Іле Қазақ автономиялы облысының басшылығы және бірқатар кәсіпкерлер болды.

Алдымен делегаттарға Қонаев қаласының Бас жоспары мен «G4 city» жобасы таныстырылды. Таныстырылым жасаған бас сәулетші Болат Мұсылманбековтың айтуынша, Алматы облысы – инвестиция тартуға ыңғайлы аймақ. Себебі, бұл өңірден Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолы, Қытайдан Қорғас арқылы Қазақстанға кірер теміржол өтіп жатыр. Ал Қонаевтан ШҚО-ға өтіп, теміржолмен Ресейге шығуға болады.

«Біз бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойында тұрмыз. Бүгінде осы жолды, сауда-саттықты, өнеркәсіпті жандандыру өте маңызды. Алдағы уақытта Қонаев пен Алматы қаласының арасына тағы бір қала түспек. Ол жерде арнайы экономикалық аймақ құрылған. Сондай-ақ облыста 4 ірі индустриалды аймақ қызмет етеді. Қазір оның кейбіріне инженерлік желілер тартылып жатса, кейбірі өз жұмысын бастаған», — деді Болат Мұсылманбеков.

Ал Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев Бас жоспарға сәйкес, қаланың аумағы 19 мың гектарға дейін ұлғайғанын айтты.

«Қала Жаңа Ілеге, Шеңгелді ауылына қарай дамиды. Ол жерде академиялық қалашық, парктер, спорттық, денсаулық сақтау нысандарын, бірнеше өнеркәсіп орнын, театр, музей, сауда-ойын-сауық, бизнес орталықтарын салу көзделген. Қапшағайдың жағасы толығымен абаттандырылады. Арна ауылында өндірістік аймақ құрылды. Аталған аймаққа инвестиция құюды көздеп отырған компаниялар бар. Жалпы қаланың туристік, инвестициялық потенциалы жоғары», — деді әкім.

Содан кейін Құлжа қаласының бірінші хатшысы Ли Вэй мен шаһар басшысы Нұрлан Құматаев ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды. Кейіннен делегаттар Қонаев қаласын аралап шықты.