Елордалық қыстың сазы
«Астана Опера» театрындағы Күләш Байсейітова атындағы Камералық залдың ақпандағы репертуарында көрермендерді сан алуан вокалдық және аспаптық музыка кештері, сондай-ақ классикалық жанрдағы отандық және шетелдік жұлдыздардың орындауындағы қызықты спектакльдер күтеді.
Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал қазақстандық және шетелдік музыканттарды өзіне тартатын ортаға айналды, олар осынау жайлы сахнаға қуана шығып, өз өнерлерін елорда тұрғындары мен қонақтарына тарту етеді.
— Біздің қымбатты тыңдармандарымыз «Астана Операның» жарқын әртістерінің өнер көрсетулеріне, сондай-ақ Forte-Trio, Ғазиза Жұбанова атындағы квартет, елордалық филармонияның Камералық хоры тәрізді танымал отандық ұжымдардың концерттеріне, Композиторлар одағының және тағы басқа өнерпаздардың кештеріне қуана келеді. Республикамыздың ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдің ансамбльдері мен жеке орындаушылары да көрермендерді әлемдік жауһарлардың терең мағыналы интерпретацияларымен жиі қуантады. Бұған театрда қалыптасқан шығармашылық атмосфера, сонымен қатар залдың бірегей акустикасы мен игі көрермендер себепші. Классиканы бағалайтын жандарды ғажайыппен жүздестіріп, шабыт пен сан алуан сезімдер сыйлау – барлығымыз үшін үлкен бақыт, — деп пікірімен бөлісті К.Байсейітова атындағы Камералық зал жетекшісі Маржан Жәкенова.
Сонымен, 7-8 ақпанда «Piccolo» театры танымал жобасының аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен опера солистері, театрдың хоры, оркестрі және мимансы Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» жарқын комедиялық операсын таныстырады.
11 ақпанда елордалық театр сахнасында Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік квартет «Үндестік салтанаты» концертімен өнер көрсетеді, ұжымның көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, виолончельші Ернар Мыңтаев.
Орындаушылар біртуар композитор Сергей Рахманиновтың 150 жылдығына камералық музыка концерттерінің топтамасын арнайды. Сонымен, 17 ақпанда Өзбекстанның Халық әртісі, пианист Мадина Файзиеваның жеке концерті өтеді. Фортепиано музыкасының кешінде аспапшы С.Рахманиновтың 6 Прелюдиясын ор.23, 7 Прелюдиясын ор.32 және № 1 сонатасын d-moll, ор.28 ұсынады. Ал 20 ақпанда «Романспен кездесу» вокалдық музыка кешінде мейманмен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – театрдың жетекші солисі Бибігүл Жанұзақ пен Азамат Жылтыркөзов өнер көрсетеді.
Бедржих Сметана мен Роберт Шуманның туындылары 22 ақпанда Kazakh Quartet ансамблінің әртістері – скрипкашылар Еркебұлан Сапарбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, альтшы Дархан Сәдуақасов пен виолончельші Ермек Құрманаевтың орындауында «Тамаша төрттік және рояль» концертінде шырқалады. Фортепиано партиясында – Зарина Бимендинова.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, пианист Тимур Урманчеевтің жетекшілігіндегі FORTE-TRIO ҚР мемлекеттік триосы 28 ақпанда көрермендердің назарына «Роберт Шуман және оның Музасы» концертін ұсынады.