Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

Дзюдо: Португалияда ұйымдастырылған дзюдодан әлемдік Гран-при турнирінде Қазақстан құрамасы бір жүлде жеңіп алды. Қыздар арасындағы 48 кг салмақ дәрежесінде белдескен отандасымыз Әбиба Әбужақынова турнирдің қола жүлдегері атанды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде жерлесіміз түркиялық Сила Ерсіннен басым түсті.

Велоспорт: Велоспорттан Түркияда өткен GP ANTALYA AIRPORT CITY бәсекесінде ұлттық құраманың мүшесі Руслан Алиев қола жүлдеге ие болды. Оның уақыт көрсеткіші – 03:26:05.

Үстел теннисі: Үстел теннисінен спорт шебері Жанерке Қошқымбаева Дохада өткен (Қатар) WTT Youth Contender турнирінде топ жарды. Ол 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы бәсекеде тұғырдың биік сатысына көтерілді.

Стенд ату: Стенд атудан Каирде (Мысыр) өтіп жатқан Әлем кубогі кезеңінің «Трап» бағдарламасында отандасымыз Мария Дмитриенко топ жарды. Алтын жүлде үшін өткен тартысты сайыста 35 жастағы отандасымыз Токио Олимпиадасының чемпионы, 2 дүркін әлем чемпионы Фатима Галвез және Токио Олимпиадасының 2 мәрте жүлдегері Алессандра Периллиден озды.

Нысана көздеу: Мысыр астанасында нысана көздеуден өтіп жатқан рейтингтік Əлем кубогінде жерлестеріміз екі жүлдеге ие болды. Пневматикалық тапаншадан 10 метрден оқ атуда Валерий Рахимжан мен Ирина Юнусметова жұбы қола жүлдегер атанса, дәл осы бағдарламаның жекелей сайысында Ирина Юнусметова үшінші орынға табан тіреген болатын.

Стенд ату және нысана көздеуден Әлем кубогінде 66 мемлекеттен жиналған 678 сұрмерген 10 жүлде жиынтығын сарапқа салып жатыр. Бәсеке 1 ақпанға дейін жалғасады.