ERG-дің қаржылық қолдауымен Хромтауда тегін курстар ашылды
Үкіметтік емес ұйымдар ERG-дің қаржылық қолдауымен Хромтауда жұмыссыз әйелдер мен жасөспірімдерге арналған тегін курстар ашқанын бұған дейін жазған болатынбыз. Тегін сабақтарға алдымен «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты қызметкерлерінің әйелдері шақырылды. Сондай-ақ, көпбалалы әрі жұмыссыз отырған аналар да қатысты. Бұл орталық бес жылдан бері Астана мен Алматы қалаларында осындай оқытулар ұйымдастырып келе жатқан «Qadam» шығармашылық орталығымен жүзеге асырылған болатын. Бүгінде осындағы тегін оқуларды бітіріп, кәсібін ашқандар бар. Солардың бірі – тігінші Гүлнәр Қалымбетова.
Гүлнәр Қалымбетова – алты баланың анасы. Жолдасының Дөң тау-кен байыту комбинатының шахтақұрылыс цехында жарушы болып еңбек етіп келе жатқанына 20 жылдан асты. Өзінің негізігі мамандығы – дәрігер. Кәсіпорынның «Евразия» медицина орталығында 17 жыл жұмыс істеген. Кейін бала тәрбиесімен үйде отырып, қосымша кәсіпті меңгере бастаған. Қолынан іс келетін әйелдің 2000 жылдары шаштараз болғанын да білдік.
– Иә, кезінде шаштараз да болдым. Сол уақытта мемлекеттен бөлінген қайтарымсыз грант ұтып алып, жеке кәсіп жүргіздім. Содан екінші қызым осы оқуға түсіп, шаштараз ісін қолға алды. Сөйтіп, алғашқы жеке кәсібімді толығымен қызыма тапсырған едім, — деді кейіпкеріміз. – Одан соң 2013 жылы жаңадан кәсіп аштым, оным былтыр қараша айында жабылып қалды. Балаларым кішкентай болғандықтан, кейде үлгермей қалып жататын кездерім болды. Алайда, үнемі өзіме бірдеңе жетпейтіндей болып тұратын. Сөйтіп жүргенде инстаграм желісінен қаламызда ашылғалы жатқан жаңа оқу орталығы туралы ақпаратты көзім шалып қалды. Ішінде тігін ісі бар екен. Бірден менеджеріне хабарласып, тіркеліп қойдым. Тезірек ашылғанын күтіп, сабаққа келуге асықтым. Сөйтіп, сәуір айынан шілдеге дейін киім пішу, тігіс, замануи тігін машиналарымен жұмыс істеу секілді негізгі ережелерді үйретіп бастады.
Гүлнар Жұбандыққызы қолөнерге жақын болса да, бұрын-соңды киім тігіп көрмеген. Алайда, тігін курсының алғашқы сабағынан-ақ осы іске құлшына кірісіп, қолынан шыққан бұйымы кәдімгі тігіншілерден кем түспепті.
– Осында келгенде түбі бір кәсібімді ашамын деген мақсат болды. Оқуды аяқтаған соң, ақырындап тапсырыс ала бастадым. Кейін өзіммен бірге оқып, кәсіптерін қазір-ақ бастағысы келетін келіншектер де хабарласып, тағы бір мәрте жеке кәсіп ашуды ұйғардым. Бас-аяғы бір-екі айда сәтін салып, қорықпай бастап кеттік. Алайда келіншектерге жалақы бірден болмайтынын, бастапқыда жұмысқа қажетті мата, ине-жіптерімізді өзіміз алатынымызды айтып түсіндірдім.
Осылайша кәсіп иесі сол орталықтан барлығы жеті адам болып «Алтын ине» деген атаумен тігін шеберханасын ашып, тапсырыстар қабылдап жатыр. Келіншектің ісін құптаған орталық басшылығы Гүлнар Жұбандыққызына ғимаратты тегін пайдалануға рұқсат беріп, қолдау көрсетті.
Кейіпкердің айтуынша, тігіншілерді қарамағына халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы тіркеп, жалақының 40%-ы мемлекеттен түсіп отырса, 45%-ын өзі төлеуді жоспарлап отыр.
– Біздің қаламызда мұндай тегін оқыту орталығының ашылуына мұрындық болған Еуразиялық Топқа көпбалалы ана ретінде айтар алғысым шексіз. Қызметкерлер мен олардың отбасыларына бұл – үлкен қолдау. Адам тек ерінбеуі керек. Қолыңнан келсе, берілген мүмкіндікті ұтымды пайдалануға кеңес беремін. Өзімнің қолымнан келген тігінді тігіп, халыққа қызмет көрсетіп жатырмын. Оның көп пайдасы бар екен. Қарамағымдағы келіншектер де істерін ықыласты атқарып жүр. Біреуі тігін тігеді, екіншісі өтектеп, берілген тапсырысты реттеп отырады, — дейді Гүлнәр Қалымбетова.
Тігін шеберханасында ісмерлер этно стильдегі бұйымдарды көптеп тігуде. Себебі оған сұраныс жоғары. Мысалы, этно сөмкелер – 8 мыңнан басталса, көпшіктер – бір мың мен үш мың теңгенің аралығында. Жаймаға арналған сыпыра 5-6 мыңға шығады. Сондай-ақ трендтегі қазақы жеңсіз, шапандарға да тапсырыс қабылдайды. Жаңадан ашылған тігін цехы үшін бұл үлкен жетістік.
Хромтаудағы шағын цех бүгінде өз тұтынушыларын тауып, ашылғанына аз уақыт болса да келушілері көбейген. Одан бөлек, балабақшалардан тапсырыс алып, еңбегінің жемісін көруде. Кәсіпкердің басты мақсаты – үлкен тігін шеберханасына айналу.
Арайлым Ғани
Алексей Пименовтың фотосуреттері