Үкіметтік емес ұйымдар ERG-дің қаржылық қолдауымен Хромтауда жұмыссыз әйелдер мен жасөспірімдерге арналған тегін курстар ашты

Моноқалада алғаш рет тегін кустар ашылып отыр. Ол: тігін ісі, актерлік шеберлік, мобилография, графикалық дизайн, ағылшын тілі және жеке тиімділік дағдылары сынды алты бағытты қамтиды. Курстарды «Qadam» шығармашылық орталығымен ұйымдастырған.

Тегін сабақтарға алдымен «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинаты қызметкерлерінің әйелдері шақырылды. Сондай-ақ, көпбалалы әрі жұмыссыз отырған аналар да қатысты. Келіншектер болашақта өз алдарына кәсіп ретінде ашуға болатын тігін ісін үйреніп жатыр. Ал мобилографияға қызығушылық танытатын жастар көп. Бүгінде ол сұранысқа ие кәсіптің түріне айналып үлгерді. Моноқала үшін актерлік шеберлік сабағы жаңашылдық әкелгендей. Курсқа балалармен қоса, ересектер де жазылды. Орталыққа тігін жабдықтар, жиһаздар, әр бағыт бойынша керек-жарақтың барлығы сатып алынған.

«Еуразиялық Топ» ЖШС Бас директоры Серік Шахажанов:

«Біз адамдарға заман талабына сай, маңызды дағдыларды үйреткіміз келеді. Кәсіп бастауға септігін тигізер мұндай істер дамуға, сәтті стартаптар құруға, табыс табуға мүмкіндік береді. Үйренушілер арасында өзіміздің қызметкерлердің жұбайлары мен балалары да бар. Ал студенттерден керегі тек – қызығушылық пен ынта ғана. Бұл хромтаулықтардың бойында бар қасиет. Бастысы да – осы»

Бүгінде орталықта алпыс шақты үйренуші білім алып жүр. Олар 3-6 ай мерзім оқып шығады. Қазірдің өзінде 140-тан астам адам кезекте тұр. Келесі лек төрт бағыт бойынша оқытылмақ. Бұл курстардың ішінде тігін ісі алдыңғы орында. Одан соң ағылшын және мобилографияға оқыту тұр.

«Осындай мүмкіндік беріп жатқан компанияға алғысымды айтқым келеді. Қазір бізге мұнда киім пішу, өлшемді дұрыс алу секілді жұмыстарды үйретіп жатыр. Мен тігін ісін өткен жылы оқығым келді. Әйтсе де, қаражат жағынан мүмкіндігім болмады. Биыл міне тегін курсқа жазылып, қалағаныма қол жеткізіп жатырмын», — дейді хромтаулық Рада Құлсарина. 

Qadam орталығы бес жылдан бері Астана мен Алматы қалаларында осындай оқытулар ұйымдастырып келеді. Моноқалаларда өткізілуі олардың тәжірибесінде бірінші рет. Курстардың мықты тұсы – жоғары білікті оқытушылар құрамы бар.

Qadam шығармашылық орталығының негізін қалаушы Айнұр Қалдығұлова:

«Мысалы, хромтаулықтар үшін ағылшын тілін өз тілінде сөйлейтін шетелдік маман үйретсе, тігін ісінен Хромтау қаласында қырық жылдық тәжірибесі бар, көптеген технологтар мен киім дизайнерлерін үйретіп шығарған шебер сабақ береді. Актерлік шеберлікке театр актері, бірқатар шығармашылық жобалардың продюсері үйретеді. Қала тұрғындарының шығармашылық әлеуетін арттыруға олардың зор үлес қосарына сенім мол»