Ермек Маржықпаев: «Саналы және дені сау ұрпақты тәрбиелеу – әрқайсымыздың міндетіміз»
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев өңірдегі бірқатар спорт және туризм нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Министр ең алдымен былтыр ғана ел игілігіне берілген үстел теннисі орталығына барды. Халықаралық ITTF стандартына сай келетін орталықта заманауи жаттығу залы мен спортшыларға арналған оңалту орталығы орналасқан.
Бұдан әрі Ермек Маржықпаев Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінің жұмысымен танысты. 2013 жылы қолданысқа берілген спорт кешенінде жыл бойы жаттығу жасау үшін барлық жағдай жасалған, сондай-ақ облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар жүйелі түрде өткізіліп тұрады.
Сонымен қатар министр Қажымұқан атындағы жекпе-жек сарайын аралап көрді. Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде жас жеткіншектер бір мезетте білім алып, спорттың бірнеше түрінен жаттығады.
Сондай-ақ Туризм және спорт министрі Риддер қаласындағы олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі мен Глубокое ауданындағы «Алтайлық Альпі» тау шаңғысы курортына барды.
Жарты ғасырға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан Риддердегі мектеп-интернат-колледжінде өңір тұрғындары негізінен қысқы спорт түрлерімен шұғылданады. Атап айтар болсақ, мұнда шаңғы жарысы, тау шаңғысы, трамплиннен секіру, сноуборд, биатлон, фристайл-могул, сондай-ақ жеңіл атлетика және есу слаломы түрімен айланысуға мүмкіндік бар.
«Алтайлық Альпі» тау шаңғысы курортында туристер үшін барлық жағдай жасалған. Аумақта жалпы сыйымдылығы 246 қонаққа арналған қонақ үй орналасқан. Сондай-ақ тау туризмін ұнататындарға 5 аспалы жол, 3 бугель типті аспалы жол, 2 креслолық типтегі аспалы жол салынған. Жетілдірілген шаңғы трассалары халықаралық FIS сертификатына ие.
«Шығыс Қазақстан облысы елімізді барша әлемге танытып, көк байрағымызды көкте желбіреткен талантты спортшыларды дүниеге әкелген аймақ. Әйгілі хоккейші Борис Александров, Олимпиада жеңімпазы және жүлдегері Ольга Рыпакова, фристайлшы Дмитрий Рейхерд сынды дарынды спортшылар Шығыс Қазақстан облысынан шыққан мақтаныштарымыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін дамытуға үнемі басымдық беріледі. Саналы және дені сау ұрпақты тәрбиелеу – әрқайсымыздың міндетіміз. Осыған байланысты біз дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасын қабылдадық. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында 4 мыңға жуық балалар мен жасөспірімдер тегін спорт секцияларымен қамтылған. 2025 жылға дейін елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдана отырып 113 жаңа спорт нысаны салынып, қолданыстағы 26 нысан қайта жаңартылады», — деді Ермек Маржықпаев.