Eurasian Resources Group Қытай Халық Республикасындағы серіктестерімен келісімшарттар жасасты

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Eurasian Resources Group (ERG) қытайлық BaoWu Resources және Power Construction Corporation of China (Power China) компанияларымен 2 келісімшарт жасасты.

BaoWu Resources пен ERG арасында жасалған өзаратүсініктік пен стратегиялық әріптестік туралы Меморандум Рудный қаласында ыстық брикеттелген темір өндірісін жолға қою жобасын бірлесіп дамытуды көздейді. Кәсіпорынның жоспарлы жылдық қуаты – 2,5 млн тонна ыстық брикеттелген темір.

Сондай-ақ, ERG мен Power China Группа компаниясы да стратегиялық серіктестік туралы келісімшарт жасасты. Тараптар электр энергиясын өндіру саласында әріптесе жұмыс істемек.

ERG бұған дейін де қытайлық компаниялармен серіктесе отырып, индустриалды жобаларды табысты іске асырған болатын.

Атап айтқанда, 2007 жылы елдегі жалғыз бастапқы алюминий өндіруші – Қазақстан электролиз зауыты салынып, іске қсоылды. Құрылыстың бас мердігері – қытайдың танымал China Non-ferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co., Ltd. (NFC) компаниясы болатын. Оған дейін Қазақстан тарихында мұндай рекордтық қысқа мерзім – 27 айда өнеркәсіп кәсіпорнын салып, іске қосу деректері болмаған. Зауыттың қуаты жылына – 250 мың тонна жоғары сапалы бастапқы алюминий. Бүгінде тұрақты жұмыс істеп тұрған Қазақстан электролиз зауыты өнімінің 90% сыртқы нарықтарға экспортталады.

Одан бөлек, қытайлық әріптестер қазір «Шұбаркөл көмір» АҚ алаңында спецкоск шығаратын жаңа зауыт салып жатыр. Жобаны орындаушы – China Non-ferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co., Ltd. (NFC). Аталған бастаманы іске асырып, ERG мемлекеттік импортты алмастыру бағдарламасына сүбелі үлес қосады. Жаңа кәсіпорында 140 жұмыс орны ашылмақ. Зауыт жылына 400 мың тонна өнім шығарады. Жобаға құйылатын жалпы инвестиция көлемі –  40 млрд. теңге. Кәсіпорын негізгі өнімнен бөлек көмір шайырын, жылына 72 мың тонна көмір майын да өндірмек. Нысан Шұбаркөл кенішіндегі «Д» маркалы көмірді шикізат ретінде пайдаланады.