EuroFest 2025: Астананың жүрегіндегі бірлік пен ізгілік фестивалі

Астана – 1 маусым күні Астананың дәл жүрегінде EuroFest 2025 кең ауқымды фестивалі үлкен табыспен өтті! Бұл фестиваль – бірлік пен бейбітшіліктің жарқын көрінісі!
EuroFest 2025 — Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, мәдениет алмасу мен өзара түсіністікті арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. ЕО мүше мемлекеттерінің елшіліктері мен серіктестерінің жинаған қаражаттары жергілікті қайырымдылық ұйымдарын қолдауға бағытталды. Бұл мерекенің басты күші — қоғамға деген қамқорлық пен өзара қолдау көрсету.
«EuroFest 2025 – Астана тұрғындары мен қонақтарына еуропалық елдердің мәдениеті мен сұлулығын таныстыру мүмкіндігі. Әдетте Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық күрделі мәселелерге бағытталса да, бүгінгі фестиваль ЕО мен оның құндылықтарының қаншалықты әсем екенін көрсетуге арналған. Сондай-ақ, мұнда ЕО қаржыландыратын «жасыл» даму, білім беру және медиа саласындағы жобалар ұсынылды», — деді Алешка Симкич ханым, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Елшісі.
Фестиваль — Еуропа күні мен Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылып, Астана тұрғындарына бай мәдени бағдарлама сыйлады: басты сахнада фламенко және испан биінің атақты бишісі – Испаниядан келген арнайы қонақ Карлос Ромеро өнер көрсетті! EuroFest 2025 қонақтары Франция мен Румыния елдерінің музыкалық байқау жеңімпаздарының қойылымдарын, сондай-ақ поляк пен неміс халық ансамбльдерінің биін тамашалап, Хорватияның ерекше көрмесін аралады.
Астана тұрғындары «Саяхат» ойынына қатысып, Еуропалық Одақтың мүше мемлекеттерінің стендтерімен ғана емес, сондай-ақ ЕО қаржыландыратын жобалармен танысып, практикалық бастамалар мен ынтымақтастық арқылы Еуропаны жаңа қырынан ашып, осы жобалардың азаматтар мен жергілікті қауымдастықтарға әкелетін мүмкіндіктері мен пайдасымен танысты. Қатысушылар өздерінің «төлқұжаттарын» белсенділіктері үшін жұлдызшалармен толтырып, арнайы сыйлықтарға ие болды.
EuroFest 2025 шығармашылық, музыка, өнер және өзара қолдау арқылы Еуропалық Одақ пен Қазақстанды біріктіретін маңызды мәдени және қайырымдылық шара рөлін растады.