Ежелгі перғауындардың құпиялары
Астана күні «Астана Операда» біртуар режиссер әрі сценограф Франко Дзеффиреллидің ауқымды қойылымындағы Джузеппе Вердидің «Аида» ғаламат спектаклімен атап өтілді. Әлемдік опера жауһары театрдың Үлкен залы сахнасында «Опералия» халықаралық фестивалі аясында 5-6 шілдеде ұсынылды.
Афишада «Аида» операсының орын алуы – бүкіл елорда үшін әрдайым үлкен мәдени оқиға. «Астана Опера» көрермендері кезінде «Ла Скаланың» театр маусымын ашып, бүкіл Еуропаны таңғалдырған Франко Дзеффиреллидің кемеңгер туындысы «Аиданы» көру мүмкіндігіне ие болды.
5-6 шілдеде әлемнің түрлі елдерінен шақырылған жұлдыздар фестиваль қонақтары болды, ал дирижер тұғырында екі күн бойы Болгариядан келген маэстро Диан Чобанов жарқын өнер көрсетті. Сондай-ақ қонақтардың қатарында Италиядан шақырылған атақты опера әншілері – басты ер партиясы Радаместі орындаған тенор Диего Каваццин, тәкаппар ханшайым Амнеристің бейнесін сомдаған меццо-сопрано Изабель де Паоли болды. Ал моңғолиялық танымал баритон Бадрал Чулуунбаатар Амонасроның рөлін шебер ойнап шықты.
– Мен бұл партияны алғаш рет 2019 жылы Арена ди Верона сахнасында орындаған болатынмын. Сол кезден бастап ол тамаша музыка әлеміндегі алтын кілтіме айналды, сондай-ақ ол ең соңғы үлгідегі «Астана Опера» театрының есігін ашып берді. Менің мұнда әріптес достарым өте көп. Тарихқа көз жүгіртсек, біздің халықтардың әрдайым бірге болғанын білеміз. Сондықтан қазақстандықтардың алдында өнер көрсету – мен үшін үлкен мәртебе болды. Бүгін маған көрсетілген қонақжайлылық көпшіліктің классикалық музыкада, жоғары сападағы қойылымдарда түсінігі бар екенін айғақтайды. Бұл менің сіздердің сахналарыңыздағы алғашқы өнер көрсетуім емес: 2021 жылы да мен барлық уақыттағы кемеңгер қоюшы Франко Дзеффиреллидің «Аида» операсына қатысқан болатынмын. Сол кездегідей қазір де Амонасро менің жаныма жақын, себебі менде де жауынгерге тән мінез бар, – деп атап өтті Бадрал Чулуунбаатар.
Оның әріптесі Диего Каваццин сахна сыртында болған әңгіме барысында осынау керемет фестивальге қатысу – үлкен қуаныш екенін айтты. – «Аида» – вокалист үшін өте күрделі жұмыс, әсіресе техникалық тұрғыда қиын. Басты кейіпкердің түрлі эмоцияларын көрсету үшін опера терең зерттеуді және көбірек зейін қоюды талап етеді. Мен орындау кезінде маэстро Мутиді үнемі еске аламын. Бір кезде ол кісімен өзімнің дебютіме егжей-тегжейлі дайындалған едім. Көп жыл бұрын, яғни оқуды енді бастағанымда Арена ди Веронаға ұлы Франко Дзеффиреллидің қойылымында «Трубадурды» естуге барғаным әлі есімде. Қойылымға тәнті болғаным сонша, мен әншінің мансабын жалғастырамын деп шештім және күндердің күнінде маған осы ұлы данышпанмен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Өкінішке қарай, «Аиданы» 2014 жылы премьера күні сіздердің тамаша елордаларыңызда орындауға мүмкіндігім болған жоқ, алайда бұл арманым енді орындалды, – деді өнер көрсетуден кейін пікірімен бөліскен Диего Каваццин.
– Амнеристі осындай ауқымдағы халықаралық фестивальде сомдау мен үшін үлкен мәртебе болды. Амнерис – драмалық меццо-сопрано үшін айқындаушы партия. Бұл кең вокалдық диапазонды пайдалануды талап ететін техникалық және интерпретациялық қиындықтардың үйлесімі. Оның мінезі қарама-қарсы реңктерге толы: ол мықты және кейде қыңыр, сонымен бірге оның Радаместі ессіз сүйетін, алайда одан еш сүйіспеншілік көрмеген жүрегі көп азап шеккен. Меццо-сопраноның репертуарындағы басқа да рөлдермен қатар, Амнерис бір кездері ойға алған партиялардың ішіндегі ең күрделілерінің бірі болып табылады. Оны тек ұзақ мерзімдік оқудан өтіп, ойың әбден толысқаннан кейін ғана қолға алу керек. Осынау тарихи қойылымда Амнеристі орындау – бақыт. Асқан кемеңгер тұлға Франко Дзеффирелли жасаған бұл спектакль әлемдік опералар қоржынында ғажайып сұлулық пен кемелдіктің ізін қалдырды. «Аида» – айрықша құнды қазына. Осынау операны орындағанда бір жағынан алыс, бір жағынан сондай жақын сол бір өмірге енгендей боласың. Оған қатысқаныма шексіз бақыттымын, – деді Изабель де Паоли.
Әйгілі қойылымға екі жүз адам, оның ішінде опера солистері, ерлер мен әйелдер хоры, балет, оркестр, миманс әртістері жұмылдырылды. Атқарылған жұмыс ауқымын елестету үшін сахна сыртындағы қызмет көрсетуші персоналдың саны әртістердің санына тең екенін атап өту қажет.
Дебюттер де орын алмай қоймады: Аиданың басты партиясында Үлкен зал сахнасына алғаш рет театрдың жетекші солисі Айгүл Ниязова шықты. Амонасроның бейнесінде операның жетекші солисі Талғат Ғалеев, Абыз әйел рөлінде театр солисі Галина Чеплакова, ал Мысыр патшасы партиясында Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушысы Валерий Селиванов дебют жасады.
Бұл күндері спектакль кейіпкерлерін көпшілік мойындаған қазақстандық вокалистер, «Астана Операның» жарқын солистері Жұпар Ғабдуллина, Гүлжанат Сапақова, Елена Ганжа, Саян Исин, Болат Есімханов, Шыңғыс Расылхан, Рамзат Балакишиев ұсынды. Хормейстер – Ержан Дәуітов, балетмейстер – Ғалия Бөрібаева, қоюшы режиссердің ассистенттері – Наталья Кагадий, Николай Куликов, опера труппасының директоры – Азамат Жылтыркөзов.
Еске сала кетейік, әлемдік опера жауһары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Опералия» халықаралық фестивалі аясында ұсынылды.