Хромтау шахталары мен карьерлеріне арналған цифрлы жабдықтар іске қосылды

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатында автоматтандырылған лазерлік сканер іске қосылды. Енді кеншілер қазба жұмыстарының жай-күйін тез әрі нақты бақылай алады. Сондай-ақ, жедел барлау деректерінің базасын жасауға да мүмкіндік туады.

Өндірісте жеке процестерді одан әрі цифрландыру арқылы жабдықтарды жаңғырту үнемі назарда. Енді бұл геологтарға да тікелей қатысты. Hovermap лазерлік сканерін жеке де, дронға жалғап та пайдалануға болады. Бұрын қазба орындары мен карьерлер визуалды түрде ғана тексеріліп, шығуы қиын жерлерге түсу оңай болмайды. Бұдан былай жаңа техниканың көмегімен күрделі учаскелердегі жерасты және ашық әдіспен кен өндіру жұмыстарын сканерлеп, бақылауға мүмкіндік бар.

Арнайы бағдарламада нысандарды цифрландыруға болады. Бұл аспаптар карьерлер мен кен орындарының жоғары сапалы 3D моделін алуға немесе қоймалардағы қорларды есептеуге де сеп. Дәл осы сканер мұндай жұмыстарды әп-сетте және дәл орындап береді. Маркшейдерлер үлкен тахеомтерлерді тасымай-ақ, өздерімен бірге шағын сканерді алып жүрсе жеткілікті.

Тау-кен жұмыстарының жай-күйі мен олардың мониторингі жайында сапалы мәліметтер алу – мұның бәрі болашақ үшін қажет дүниелер. Тау-кен қазбаларына жабдықты пайдалана отырып, барлық шахтаның 3D моделін жасауға болады. Қазындылардың көлденең және тік, өрлеме немесе автоеңіс болуы бағдарламаға «түседі». Одан соң тау-кен және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жоспарлау әлдеқайда тиімді.

– Осындай мәліметтерге сүйене отырып, жұқарған аумақтарды алдын ала болжауға және қауіпсіз жұмысты қамтамасыз ету шараларын әзірлеуге болады, — дейді «Еуразиялық Топ» ЖШС пайдалану геологиясы департаментінің геотехникалық жұмыстар жөніндегі менеджері Қайрат Құлмырзаев. – Жалпы, сканер «Қазхром»-дағы  техникалық мамандардың мәселелерін шешуде оларға жақсы көмекші бола алады. Жабдық деректердің сапасын қамтамасыз етіп, қол еңбегін азайтады және жерасты тау-кен жұмыстарының жетуге қиын учаскелерінде персоналдың болуын қысқартады. Себебі дронды сканер  кез келген жерге адамның қатысуынсыз бара алады.

Техниканы «ақылды» деуге негіз бар – жетілдірілген алгоритмдер интеллектуалды навигация    мен түсірілімнің нақты нәтижелерін қамтамасыз етеді: дрон соғылып қалмай, позицияны сол қалпында сақтай алады және ұшқан орнына қайтып келеді.

– Сканер сынақтан өтті. Қазір 3D модельдерін жасаумен әрі қарай жұмыс істеу үшін бағдарламалық қамтамасыз ету орнатылуда, — деді Дөң тау-кен байыту комбинатының бас геологы Роллан Тілеміс. – Комбинатта бұл карьерлерді, үйінділер мен кен қоймаларын түсіруге және бағалауға қолданылады. Сонымен қатар ол шахтада – өрлеме немесе көлденең жұмыстарды жоспарлауға қажет.

Қазіргі таңда кәсіпорынға кен өнімдерінің талдауын бірнеше есе жылдам алу үшін тағы бір цифрлық жабдық сатып алынды.