Сарапшылардың пікірінше, құс еті нарықта қызыл етті ығыстырып келеді

Құс шаруашылығы Қазақстанның тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінде ерекше орын алады, себебі құс еті мен тағамдық жұмыртқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне енгізілген. Осыған байланысты, Қазақстандық халықаралық құс өсірушілер форумының алаңында осы саланың 300-ден астам сарапшысы мен маманы бірқатар проблеманы белгілеп, құс еті мен жұмыртқа өндірісінің көлемін ұлғайту мәселелері бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

27 маусымда Астанада өткен Х Қазақстандық халықаралық құс өсірушілер форумын ұйымдастырушылардың хабарлауынша, іс-шараның мақсаты – диалог жүргізуге, сондай-ақ құс шаруашылығы саласында тиімді шешімдер іздеуге арналған платформаны ұйымдастыру, іскерлік ахуалды жақсарту, мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайту, жаңа серіктестер табу, жұмыс тәжірибесімен алмасу.

«Форум еліміздің және шетелдің құс өсірушілері арасында танымал. Бұл сала үшін маңызды оқиға, өйткені 10 жыл бойы ол Қазақстанда құс шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша талқылау мен сындарлы пікірталастар үшін негізгі алаң болып келеді. Қазақстанда жұмыртқа мен құс етін өндірудің ұлғаюына оң әсер ететін және ел экономикасы үшін зор маңызға ие осындай форумдардың арқасында өнеркәсіптік құс шаруашылығы саласында сараптама дамуда», – деді Қазақстан Құс өсірушілері одағының басшысы Руслан Шәріпов.

Іс-шарада ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов сөз сөйледі. Оның айтуынша, Қазақстанның құс шаруашылығы саласында барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады.

«Соңғы 10 жылда құс етінің жыл сайынғы өндірісі 123 мың тоннадан 289 мың тоннаға дейін екі есеге ұлғайды. Тағамдық жұмыртқа бойынша 38%-ға өсті. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінгі таңда жеке тағамдық жұмыртқа өндірумен қамтамасыз ету 101%-ды құрайды, құс еті бойынша көрсеткіш 51%-дан 68%-ға дейін өсті», — деді Құрманов форум барысында.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі келесі жылдан бастап Қазақстанда бірқатар инвестициялық жобаларды іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. Жаңа құс фабрикаларын ашуға бағытталған жеңілдетілген қаржыландыру 2025 жылға қарай Қазақстанның ішкі нарығын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, құрамына елдің 4 құс фабрикасы кіретін AITAS холдингінің Сыртқы байланыстар және GR департаментінің директоры Гүлжан Құрмашева құс шаруашылығы өнімдерінің цифрлық және сапалық өсу қарқынының үрдісін атап өтті, алайда өсім әлі де тұтыну қарқынынан төмен екенін, яңни тұтынудың 33%-ын құс етінің импорты құрайтынын айтты.

«Құс етінің импортын алмастыру мәселесін шешу үшін құс өсірушілерге жақын арада өндіріс көлемін қосымша 200 мың тоннаға ұлғайту қажет, бұл импортты жауып қана қоймай, өнімнің экспортына жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл мәселені шешуге AITAS вертикалды интеграцияланған холдингі белсенді қатысады. Соңғы бес жылда компания бройлер етін өндіру көлемін ұлғайту бойынша бірнеше жобаны сәтті жүзеге асырды», — деді ол форумда сөйлеген сөзінде.

Холдингке Өскемен және Макинск құс фабрикалары, инкубациялық жұмыртқа өндіретін Алматы асыл тұқымды құс репродукторы секілді бірнеше кәсіпорын кіреді. Сондай-ақ, холдинг Қонаев қаласының маңында қуаттылығы жылына 120 000 тонна етті құрайтын «Жетісу» Алматы құс фабрикасын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруға дайындалуда. Жалпы, холдингтің құс фабрикалары өз өнімдерін еліміздің төрт өңірінің 16 қаласында сатады.

«Компания экспортты да жүзеге асырады. Бүгін біз өз өнімдерімізді Ресейге, Өзбекстанға, Қырғызстанға сатамыз, Моңғолияға экспортқа жәрдемдесу үшін ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне өтінім берілді. Біз Қытайға, Орталық Азия елдеріне шығу мәселесін реттестіріп жатырмыз», — деп атап өтті Гүлжан Құрмашева.

Форум барысында сарапшылар бөліскен тағы бір мәселе Қазақстанның аграрлық секторына сыртқы және ішкі факторлардың қысымы болды.

«Арзан ресейлік өнімнің ағыны, өзіндік құнының жоғары болуына байланысты отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі, биоқауіпсіздік мәселелері, ішкі нарықты жосықсыз бәсекелестіктен әлсіз қорғау, импортталған құс етін әкелуге квота көлемінің төмендемеуі, аграрийлер үшін ЕДБ-нің жоғары ставкалары, мемлекеттік қолдау бойынша қаражаттың жеткіліксіздігі, бизнесті тұншықтыратын салық және экологиялық кодекстердің жекелеген нормалары – осы факторлардың барлығы жобалардың екі есеге қымбаттауына және өтелу мерзімінің 12 жылдан және одан да көп мерзімге ұлғаюына әкеп соғады, бұл құс шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын төмендетеді», – деп атап өтті Құрмашева.

AITAS холдингі тарапынан ауыл шаруашылығы министрлігіне қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын сақтау және қаржыландырудың жеткілікті көлемін бөлу, кредиттік ресурстардың сыйақы ставкаларын төмендету, құс етінің импортына квота көлемін қысқартуды қоса алғанда, ішкі нарықты жосықсыз бәсекелестіктен қорғауды күшейту және Қазақстан заңнамасында аграрлық қызметкерлердің мүдделерін қорғау жөнінде шаралар қабылдау сияқты бірқатар ұсыныстар ұсынылды.

Форумға қатысушылар құс фабрикаларының биологиялық қалдықтарын қайта өңдеу мәселелерін талқылады. Мамандардың айтуынша, құс саңғырығының күнделікті көп мөлшерде шығарылуы қоршаған ортаға әсер етудің ең маңызды экологиялық факторы болып табылады. AITAS холдингі өкілдерінің айтуынша, холдингтің құс фабрикаларында қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға көп көңіл бөлінеді. Осыған байланысты Өскемен және Макинск құс фабрикаларының алаңдарында союдан қалған қалдықтарды кәдеге жарату цехтарын салу және модернизациялау жоспарлануда.