ҚАЗАҚ КСР-ның ХАЛЫҚ ӘРТІСІ ДӘУРЕН ТАСТАНБЕКҰЛЫ ӘБІРОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Қазақ КСР халық әртісі Дәурен Тастанбекұлы Әбіровтың туғанына 100 жыл толуына орай Б. Асафьевтың 3 актілі «Бақшасарай бұрқағы» балет — поэмасы ұсынылды.

1934 жылы негізі қаланған театр тарихы елдің атын төрткүл дүниемен таныстырған өнер корифейлерінің, белгілі сахна майталмандарының есімімен тығыз байланысты. Соның бірі Қазақ КСР халық әртісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, хореография профессоры Дәурен Тастанбекұлы Әбіров. Ол бар өмірін қазақ өнеріне арнаған талантты биші, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер.

Дәурен Әбіров Абай атындағы Қазақ Ұлттық Опера және Балет театрында көрерменнің ілтипатына бөленген «Абай», «Біржан – Сара», «Бақшасарай бұрқағы», «Достық жолы», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Аққанат», «Бақыт жағалауы», «Қамбар – Назым» балеттерін көз көргендер әлі тамсана айтады.

Д. Әбіров ұзақ жылдар бойы қазақ балет сахнасындағы ең жарқын және талантты бишілердің бірі болды. Тума талант иесінің шығармашылық жолы – шеберліктің биіктігіне ұшқырлықпен шығудың үлгісі іспеттес, сахнаға әрбір шығуы жоғары кәсіби шеберліктің, әуезділіктің, сахналық көріктіліктің айқын көрінісі.