«Супер Әжелер» театрға келді

Өткен демалыс күндері «Астана Опера» сахнасында Гала-балет кеші өтті. «Супер Әже» әлеуметтік жобасының қатысушылары әрі ұйымдастырушылары кеш қонақтары болды. Әжелерді «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова жасаған мазмұнды концерт бағдарламасы, сондай-ақ елордалық балет труппасы әртістерінің техникалық және әртістік шеберлігі таңғалдырды.

«Бізді «Астана Операға» шақырғандары және 2018 жылдан бері жалғасып келе жатқан жобамызға қызығушылық танытқандары үшін театр басшылығына ризашылығымызды білдіргіміз келеді. «Супер Әже» жобасы – әжелерді белсенді әлеуметтік ортаға тарту бойынша өзіндік тәжірибе, зейнетке шыққаннан кейінгі өмірге бейімделу сынағы іспетті.
Бүгінде әжелердің үйде отыруы міндетті емес, олар өз дарындарын паш етіп, сахнада өнер көрсете алады. Біздің жоба-байқауымыздың мақсаты – отбасының рөлін нығайтып, оның әлеуметтік-мәдени қоғамдық кеңістіктегі дәрежесін көтеру, ескі таптаурындарды жойып, адамдарға өмірдің 60-тан кейін де жарқын бола алатынын және әр алуан сезімдер сыйлайтынын көрсету,» – деп атап өтті жоба ұйымдастырушысы Валентина Толмачева.

Өз кезегінде «Астана Опера» директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева барлық буынға еліміздің қоғамдық және мәдени өміріне белсенді араласуға мүмкіндік беретін мұндай бастамаларға қолдау көрсету театр үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Жобаның ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға, біздің ұлттық колоритімізді сақтауға және өскелең ұрпақты салт-дәстүрмен таныстыруға бағытталғаны керемет,» – деді директордың орынбасары.

«Супер Әже» жоба-байқауының авторы әрі идеялық шабыт берушісі Валентина Толмачевамен бірге, бұл жобамен Әлия Райымбердиева мен Назкен Жирентаева да жұмыс істейді. Жоба-байқау Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Мәдениет пен өнер саласындағы тәуелсіз сарапшылардан құрылған қазылар алқасына қатысушы әжелердің өнерін 10 баллдық жүйе бойынша бағалауға тура келеді. Байқаудың үш айналымында үміткерлер бірнеше кезеңдерден өтуі керек, мәселен «Сүйікті әже» атты таныстыру кезеңінде қатысушының отбасы мүшелері (балалары, немерелері) өз жанұясы мен отбасылық дәстүрлері, өз әжесі туралы, оның немен әуестенетіні туралы бейнетаныстырылымда айтып беруі тиіс. Қатысушылар «Дәмі тіл үйіреді» кезеңінде өздерінің аспаздық дарындарын паш етеді. Ал «Дарындар сыңғырында» (шығармашылық сайыс) өз өнерлерін ортаға салып, «Бал орын алсын» қорытынды кезеңінде сәнді көйлектермен жасанған әжелер сән үлгісін көрсетеді. Ең көп
ұпай жинаған қатысушы байқау жеңімпазы атанады. Оған «Супер Әже 2023» атағы беріледі. Барлық әжелер байқауға қатысқандары үшін дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады. Ал «Супер Әже 2023» атағының иегері қосымша жүлдеге ие болады.
Валентина Толмачева еліміз бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған көптеген байқаулар мен әлеуметтік жобаларды ойдағыдай өткізді, бұдан бөлек ол көркем суретпен айналысады. Оның картиналары Қазақстан, Таиланд пен басқа да елдердегі балалар үйлері қабырғаларының сәнін келтіріп тұр. Ол бір кездері көркем гимнастикамен айналысып, әрдайым шығармашыл жан болған, алайда тағдыр оған мүгедектер арбасына таңылуды жазды. Десе де, бұл қиындық оны жасыта алмады, Валентина Толмачева өз мақсатына ұмтылу үшін күш-қуатын жинады, қазір ол адамдарға көмектесіп, әлемге жақсылықтың нұрын шашып келеді.