Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Әділет министрлерінің кеңесіне төрағалық етті
2023 жылғы 5 қыркүйекте Шанхай қаласында (ҚХР) Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әділет министрлерінің оныншы кеңесі өтті. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әділет министрлерінің кеңесінде ШЫҰ төрағалығын қабылдады.
Кеңеске ҚХР Орталық саяси-құқықтық комиссиясының хатшысы Чэнь Вэньцин, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет өкілдері қатысты.
Кеңес барысында Әділет министрі А.Н. Есқараев Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев белгілеген Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі шеңберіндегі басым бағыттар Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше барлық мемлекеттер үшін стратегиялық маңызға ие болатынын атап өтті. Біздің төрағалығымыздың назарында «үш зұлымдық күшімен» күрес қалады: трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, есірткі саудасы және киберқылмыс. Бұл стратегиялық бағыттар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген.
Сондай-ақ, Министр А. Н. Есқараев Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Әділет министрлері кеңесіне төрағалық етуі Шанхай ынтымақтастық ұйымын дамытуға және нығайтуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Қатысушылар Әділет министрліктерінің қызметіндегі инновациялар туралы мәселелерді талқылады. Одан бөлек заң қызметтерін көрсету және сот-сараптама қызметі саласын одан әрі дамыту қажеттігі айтылды. Қатысушылар келесі жылы Қазақстан Республикасында кездесуге келісті.
Оныншы Кеңестің қорытындысы бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әділет министрлері Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Қазақстандық делегация Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әділет министрліктері арасында ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша екіжақты және көпжақты кездесулер өткізді.