Мүсірепов театры 78-ші жаңа театр маусымын ашады

Алматылық Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қыркүйектің 7-ші жұлдызында 78-ші жаңа театр маусымын ашады.

Қазақ театры қазіргі таңда үлкен үдерісте. Бірнеше жыл бұрын театр залын орта жастағы көрермен толтырса, бүгінде орын жас буыннан артылмайды. Ұлы өнерге үлкен құрмет көрсетіліп, лайықты түрде бағалануы көңілге қуаныш ұялататыны сөзсіз. Театр көрерменінің көп болуы өнер ордасының көркемдік деңгейіне байланысты екені де жасырын емес. Бірізділікке салынып, қасаң болып қалыптасқан жүйемен жұмыс жасаудан театрдың дамуы кенжелейтіні даусыз. Қазақ театрлары ішінде жұлдызы жанып, тұлпарлары оза шапқан, бағы мен бабы келісіп, көрермен ықыласына ие болған театрдың бірі – Ғ.Мүсірепов атындағы театр. Ұлы тұлғаның:- «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды» сөзін өсиет тұтқан өнер ошағы ұлттық мәдениетіміздің мәуе жайып, әлемдік аренадағы театрлармен тең дәрежеде иық тіресіп тұруына мақсатты.

Жемісті болған 77 – ші маусымын шілде айының соңында салтанатты түрде жапқан өнер ұжымы маусымда аянбай еңбек етіп, өнімді нәтиже көрсетті. Маусымда жеті бірдей жаңа қойылымның тұсауы кесіліп, республикалық және халықаралық фестивальдердің төрінен жүлделі қайтты. Театр – екінші астанамыз ғана емес, облыстық көрерменнің көңілінен шығып, сансыз сұранысын ескере отырып, Қазақстанның Талдықорған, Тараз, Түркістан, Шымкент, Қарағанды, Астана қалаларына «Сезім сапары» спектакль-туры аясында «Махабаббат, қызық мол жылдар» қойылымын аншагпен өткен көрсетілімдермен сахналады. Көрермен қошеметінен қанаттанып, ықыласынан шабыт алған театр биыл екінші мәрте маусымын тағы бір айға ұзартты. Демалыс мезгіліне қарамастан, әр қойылым сүйікті көрерменмен толықты. Көрермен махаббатын сөзсіз сезінген ұжым жаңа 78- ші маусымға тың ізденіспен, жаңа леппен қадам басатыны сөзсіз.

Жаңа маусымда театрды қажырлы еңбек пен кәсіби шеберлігін қажет ететін ауқымды жобалар мен жаңа жоспарлар күтіп тұр. Қазақстанның барлық қалаларына аялдауды мақсат тұтқан «Сезім сапары» спектакль-турының жаңа маусымдағы келесі аялдамалары анықталды. «Махаббат, қызық мол жылдар» (авт.: Ә.Нұршайықов, реж.: Ф.Молдағали) қойылымы 3 – 4 қазан күндері Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында, 6 – 7 қазан Ақтөбе қаласындағы Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында, 11 – 12 қазан Қызылорда қаласыны Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық Қазақ драма театрында бірнеше көрсетілімдер арқылы сахналанады. Сондай – ақ, театр сүйер көремен үшін гастроль қоржынына тағы бір қойылым қосылды. А.Елгезектің шынайы өміріне негізделіп жазылған «Болмаған балалық шақ» (реж.:Ф.Молдағали) қойылымы облыстық көрермен назарына ұсынылады. Атап айтсақ, 8 қазан күні Ақтөбе қаласындағы Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында және 10 қазан Қызылорда қаласының Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық Қазақ драма театрында облыстық көрерменге жол тартады. Өнер ошағы балалар мен жасөспірімдер атындағы театр болғандықтан, театр репертуарындағы таяуда тұсауы кесілген «Кішкентай ханзаданың оралуы» (авт.:А.Сент-Экзюпери, реж.:Д.Курочкин) ертегісі кішкентай көрерменге базарлық болмақ. Аталмыш ертегі жоғарыда атап өтілген барлық қалалардың жас жеткіншектерге арналады.

78 маусымда театр ұжымы гастрольдерден бөлек, 6 шет елдік, 4 республикалық театрлық форумдар мен фестивальдерге қатысады. Театрымыз ұлттық өнерді өркендетуді ғана емес, еліміздің абыройын асқақтату үшін әр кез ізденісте. Жаңа маусым қыркүйектің 7 жұлдызында театр алдында қала күніне арналған шарамен басталып, балаларға арналған «Кішкентай ханзаданың оралуы» қойылымы қойылып, кешкілік «Құлагер» қойылымымен жалғасады. Көптен күткен маусымға артар үміт пен күтетін қуаныш көп. Кәсіби мамандар мен талапты жастардан құралған театрдың бағындырар белесі әлі алда. Театрды құрметтер көрермен барда, театр көрерменге қалтқысыз қызмет етуден жалықпайды. Жаңа маусымдағы жағымды жаңалықтар мен жаңа бастамалардың бізбен куәсі болыңыз!

Мерей Алтынбек
Театрдың баспасөз бөлімі