«Астана Опера» театры Словенияда өз өнер көрсетеді
«Астана Опера» балет труппасы 25-26 шілдеде Словенияда 71-інші жазғы Любляна фестивалінде гастрольмен өнер көрсетеді. Шығармашылық ұжым алуан-түрлі бағдарлама әзірледі. Отандық және шетелдік композиторлардың музыкасына қойылған хореографиялық нөмірлер осы бағдарламаның сәнін келтіреді.
Атап айтқанда оған Ренат Гайсиннің музыкасына «Дала үні» нөмірі енді. Сондай-ақ Патрик де Бананың хореографиясында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына «Қилы заман» ұлттық нөмірі словениялық көпшілік үшін жаңалық болмақ. Бұдан бөлек Адольф Аданның «Корсар», Риккардо Дригоның «Талисман» классикалық балеттерінен үзінділер, Макс Рихтердің музыкасына Раймондо Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» заманауи балетінен философиялық үзінді ұсынылады. Кештің ең қызықты сәті Ролан Петидің «Леда мен Аққу» бірегей нөмірі болмақ, бұл нөмір грек аңызына негізделген және Иоган Себастьян Бахтың музыкасына қойылған. Сондай-ақ көрермендерге Арам Хачатурянның «Спартак» спектаклінен Рим гладиаторы жайлы жігерлене баяндайтын адажио мен Людвиг Минкустың «Дон Кихот» классикалық балетінен үзінді таныстырылады.
Ал шағын үзілістен кейін қазақстандық труппа әлемге әйгілі чех хореографы Иржи Килианның қойылымындағы ең танымал әзіл-сықақ балеттердің бірі «Алты биді» орындайды. Өзінің ұзақтығы жағынан аз ғана уақытқа созылатын осынау жауһар Моцарттың музыкасына қойылған және ол әзіл-сықақ пен композитордың шығармашылық жарқылына лайықты баға береді. Әдетте, Килианның хореографиясы классикалық қағиданың шегінен шығып жатады, өйткені ол өзін дененің физикалық мүмкіндіктерін емес, адам болмысын тереңнен зерттейтін философ балетмейстер ретінде танытты.
Гастрольдік турдың басталуына бір айдан аз уақыт қалды, сондықтан қазір әртістер дайындық залдарында белсенді түрде жаттығып жатыр. Люблянада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова, Еркін Рахматуллаев, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Арман Уразов, Олжас Тарланов, Серік Нақыспеков, Шұғыла Әдепхан, Анастасия Заклинская, Мөлдір Шәкімова, Сұлтанбек Ғұмар, Айбар Тоқтар, Диас Құрманғазы, Бекзат Орынбаев, Ғалымжан Нұрмұхамет, Жәнібек Ахмедиев, София Әділханова, сондай-ақ Аделина Төлепова, Бақытгүл Испанова, Данияр Жұматаев, Мәдина Қожамжарова және тағы басқалары өнер көрсетеді.
«Бұл жазғы фестиваль – үздік ұжымдар, атап айтқанда оркестрлер, опера және балет труппалары, үздік дирижерлер мен музыканттар жиналатын орын. Ол open air форматында өтеді, сондықтан біз онда декорациялар сан мәрте ауысатын толық метражды спектакльді апара алмайтындықтан концерттік бағдарламамен өнер көрсетеміз. Театрымызға келіп, әртістердің орындаушылық деңгейіне баға берген ұйымдастырушылардың таңдауы Иржи Килианның «Алты биі» мен гала-бағдарламаға түсті. Бізде осынау әйгілі фестивальде Қазақстанның балет өнерін абыроймен таныстыра алатын жақсы орындаушылар бар. Айта кетейін, бұл жерге бүкіл әлемнен адамдар жиналады, өйткені мұнда түрлі елдердің өнері толықтай ұсынылған. Бұл күллі әлемге танылып, басқа да атақты алаңдарға шақыру алу үшін өзімізді көрсетуге ынталандырады», – деп атап өтті әлемдік сахна жұлдызы, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.
Еске сала кетейік, жаз айларында Любляна фестивалінде ең жоғары деңгейдегі әлемге әйгілі әртістер өнер көрсетеді. Сондай-ақ биыл танымал ұжымдармен қатар фестивальде Пласидо Доминго өз өнерін паш етеді.