Қазақстанда контрафактілік әрі сатуға тыйым салынған өнімдердің өсімі бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті

«Денсаулық» Ұлттық қауымдастығы «Тұтынушылар ұлттық лигкасы» РҚБ-мен және «Report Kontrafakt» коммерциялық жобасымен бірлесіп, отандық нарықта контрафактілік өнімдердің бар-жоғына шолу талдауын жүргізді.

 «Бүгінде Қазақстан нарығы сапасыз, тіпті денсаулыққа қауіпті тауарларға толы. Әдетте мұнда контрафактілік өнімді көп кездестіреміз. Азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларын қоса алғанда, өнімдер мен тауарлар бағасының өсуі аясында контрафактілік тауарларға сұраныстың өсуі көп жағдайда оның арзандығына байланысты. Контрафактілік өнімдер халық денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, ел экономикасына орасан зор зиян келтіреді. Қазақстанның Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 2018-2021 жылдар аралығында елге 30 миллиард теңгеге контрафактілік өнім кіргізілген. Бұл көрсеткіш жыл сайын 10%-ға артып барады. Біз осының бәрін ескере келе, нарықта контрафактілік өнімдердің бар-жоғына шолу талдауын жүргізуге бастама көтердік. Бізді «Тұтынушылар ұлттық лигкасы» РҚБ мен «Report Kontrafakt» коммерциялық жобасы қолдады. Біздің сарапшылар ауқымды жұмыс атқарды, ал бүгін зерттеу нәтижелерін көпшілікке ұсынамыз», — деді дәрігер әрі «Денсаулық» Ұлттық қауымдастығының басшысы Бақыт Түменова.

 Дәрілік құралдар мен контрацептивтер

ҚР аумағында дәрілік заттардың айналымына тұрақты бақылау жүргізіліп келеді, алайда нарықта мемлекеттік органдардың қадағалауынан тыс өтетін өнімдер бар. Бұл дәріханаларда емес, қытайлық дүкендерде, сауда орталықтарында, интернет-дүкендерде және базарларда сатылатын қытайлық дәрі-дәрмектер. Қазақстанның әр қаласында осындай өнімді сатудың ондаған нүктесі бар. Мысалы, Алматы қаласының Көк базарында қытайлық дәрі-дәрмектерді сататын төрт сауда нүктесі бар. Мысалы, Ялян, Байсат және Алтын Орда сияқты ірі нарықтар туралы айтатын болсақ, онда көтерме сауда күндері 5-тен 10-ға дейін мобильді сауда нүктелері пайда болып жатады. Бірақ мәселе мынада – елге заңсыз жолмен түскен препараттардың сапасы мен қауіпсіздігін анықтау мүмкін емес, өйткені тұтынушы мамандандырылған зертханалар мен СЭС органдарына тікелей жүгіне алмайды, оған қолданыстағы ережелерге сәйкес мемлекеттік орган препараттың улау қаупі немесе жанама әсерлері дерегі бойынша ғана әрекет ете алатыны себеп болып отыр. Ол үшін тұтынушы ауруханаға барып, «сары қағаз» алуы керек.

Тосқауыл контрацептивтері немесе презервативтер дегеніміз тек контрацептивтер ғана емес, сонымен қатар, жыныстық жолмен берілетін аурулардан қорғаудың негізгі әдісі болып саналады. Мысалы, Durex және Contex сияқты брендтердің презервативтерінің орташа бағасы тиісінше бір қаптамаға 1500 және 900 теңге тұрады. Алайда, базарларда және үй маңындағы дүкендерде оларды түпнұсқадан әлдеқайда төмен бағамен, жалған қаптамасы үшін 250-400 теңгеге сатып алуға болады. Мұндай презервативтер Қазақстанның барлық өңірінде сатылады. Алматыда олар Ялян, Барыс және Байсаттың базарларында, әрқайсында бірнеше сауда нүктесінде сатылады, оларда шағын кәсіпкерлерге презервативтерді жаппай ұсынылады, ал олар өз кезегінде тауарды үй маңындағы дүкендерге ұсынып жатады.

Оларды пайдалану қаншалықты қауіпсіз? Бұл сұраққа жауап беру үшін біз аккредиттелген зертханаға мына контрацептивтерді таңдап, зерттеуге жібердік: Durex (үш үлгі), Contex (бір үлгі), Гусарский (бір үлгі), сондай-ақ танымал емес өндірушілердің презервативтерінің үш үлгісі. Сынақтар көрсеткіштердің стандартқа сәйкестігін анықтау мақсатында жүргізілді: созылу кезіндегі шартты беріктігі, жыртылу кезіндегі салыстырмалы созылу деңгейі және тығыздығы. Нәтижесінде бұл үлгілердің бәрі де сапаға сай келмейтін болып шықты.

Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының мәліметтері бойынша, елімізде ерлі-зайыптылардың 15%-ы балалы бола алмай жүр. Сондықтан көбі ЭКҰ орталықтарына жүгінуге мәжбүр. Бедеуліктің негізгі себептерінің бірі – жыныстық жолмен берілетін инфекциялар және түсік түсірудің салдары. Елдегі әрбір алтыншы жүктілік абортқа апарады. Қажетсіз жүктіліктің негізгі себебі – тиімсіз контрацепцияны қолдану. Мұндай репродуктивті денсаулық жағдайында бізде нарықтар халықаралық стандарттар мен сапаға сәйкестік сертификаттарынсыз контрацептивтерге толы. Сондай-ақ, жастардың контрацепция әдістері мен жыныстық жолмен берілетін аурулардың салдары туралы хабардарлығы туралы мәселе де өзекті.

Атақты брендтердің атын жамылған сусындар мен кәмпиттер

Азық-түлік өнімдері мен сусындар көршілес Өзбекстаннан біздің нарыққа көп мөлшерде түсіп жатыр, олар көбіне заңсыз және бұл процесте ешқандай зерттеу жүргізілмейді.

Өндіруші бөтелкенің ішінде «шабдалы хош иісті шай сусыны» деп мәлімдеген осындай сусындардың бірінде зерттеу нәтижелері бойынша ішек таяқшасы тобының бактериялары (ІТТБ) анықталды, мұндай өнімді тұтыну астан улануға апаруы мүмкін.

Қазақстандық «өндірушілердің» арасында өз өнімдерінің сапасына алаңдамайтын жосықсыз тұлғалар да бар. Мысалы, сатылымда бір ерекше үлгі табылды – «Кружка свежего» сыра бөтелкелеріндегі «Буратино» лимонады. Бұл бөтелкелерді жосықсыз кәсіпкерлер қолдан жасай алмайтын сипаттамаларға ие. Сондықтан бір нұсқа ғана қалады – бос бөтелкелер тіпті қоқыс полигондарында арнайы жиналған. Қақпақтар да қайта пайдаланылған. Өндіруші – алкогольсіз сусындар әзірлейтін Бурненский зауыты деп көрсетілген. Алайда мұндай өндіруші жоқ.

Сондай-ақ, нарықта танымал брендтерге еліктейтін кәмпиттер бар. Сонымен қатар, олар атауында бір немесе бірнеше әріпті өзгертеді, бұл сатып алушының айырмашылықты асығыстықта байқамауы үшін жасалатын тәсіл. Мысалы, Fiberello кәмпиттерінің үлгілері зертханаға тапсырылды, оларда ішек таяқшалары тобының бактериялары (ІТТБ, колиформалар) анықталды, ал оның құрамындағы ашытқылар рұқсат етілген нормаларынан асып кеткен, бұл өндіріс пен сақтау ережелерінің бұзылғанын айғақтайды. Азық-түлік өнімінде ашытқының нормадан жоғары болуы ағзада улы заттардың жиналуына ықпал етеді және дисбиозды, метаболизмнің бұзылуын, асқазан-ішек жолдарының бұзылуын тудыруы мүмкін.

Мұндай өнімдердің қаптамасында өндіруші компанияның көрсетілген мекенжайы көбінесе Өзбекстанда орналасқан, бірақ көрсетілген мекенжайларда ешқандай өндіріс орны жоқ болып шығады. Сондықтан мұндай кәмпиттер қолдан жасалады. Мұндай кәмпиттерді елдің ірі қалаларының азық-түлік базарларында кездестіруге болады. Павлодар мен Семей қалаларында Асыл базар және Олжа (Павлодар) және Смокк, Жансая, Мереке+ және Ақсұңқар (Семей) базарлары сияқты ірі сауда нысандарында сатылады.

«Жалған өнімнің өсімі бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Нарықты талдау барысында біз анықтаған барлық контрафактілік өнімнің шығу тегі белгісіз, таңбалау талаптарына сәйкес келмейді, қаптамаларында өндіруші туралы ақпарат жоқ, өнім құрамының сипаттамасы да жоқ. «Шабдалы хош иісті шай сусыны», «Кружка свежего» сыра бөтелкесіндегі лимонад, әйгілі брендтерге еліктейтін кәмпиттер туралы мысалдар бақылаудың мүлдем жоқ екенінің тікелей дәлелі. Контрафактінің жеткізілуімен де, оны анықтаумен де ешкім айналыспайды. Ал басты себептердің бірі – бизнесті тексеруге жарияланған мораторий. Бұл тыйым адал өндірушілер мен заң бұзушыларды тең, бірақ әділетсіз жағдайларға душар етіп отыр. Құны қымбатырақ сапалы және пайдалы өнімдер шығаратын кәсіпкерлер өндіріс шығындарын азайтуға мәжбүр, осылайша, сапасыз және тіпті өмірге қауіп төндіретін өнімді ұсына отырып, көбірек ақша табуға тырысатын жосықсыз кәсіпкерлерден ұтылып жатыр», — деп атап өтті «Тұтынушылар ұлттық лигасы» РҚБ президенті Светлана Романовская.

Құрамында никотині бар өнімдер

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің бас санитария дәрігерінің 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен «снюс» шегілмейтін табак өнімдерін Қазақстан аумағына әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға ресми түрде тыйым салынған. Бірақ бұған қарамастан, снюстар Telegram мессенджері арқылы сатылып жүр. Снюс сатылатын 60-тан астам ұсыныс анықталды, онда әдетте сатушылар тауарды курьерлер немесе такси арқылы жіберуді ұсынады. Сондай-ақ, снюсты базарлардан, мамандандырылған дүкендерден және үй маңындағы дүкендерден емін-еркін сатып алуға болады. Осындай сауда нүктелері Алматыда, Шымкентте және Семейде анықталды, онда снюс сатылымға ашық қойылмайды, бірақ жеке адамдардың сұрауы бойынша сатушылар оларды жасырылған жерінен шығарып сата береді.

Бірреттік шегілетін вейптер – Қазақстан жастары мен оқушылары арасында өте танымал тауар. Мамандандырылған дүкендерден басқа, оларды кез келген үй маңындағы дүкеннен сатып алуға болады. Сатушылар тіпті өнімді жасырмайды, ол сөрелерде ашық ұсынылған. Вейптер 2020 жылы темекіге теңестірілгенімен және барлық шектеу шарасына қатысты болса да (экспозицияға тыйым салу, 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салу, тиісті қаптамада болу туралы шарт), заңның орындалу деңгейі көңіл көншітпейді. Сонымен қатар, техникалық регламенттің болмауы осы өнімді қауіпсіздікке және басқа техникалық параметрлерге тексеруді қиындатып отыр.

Сондай-ақ, нарықта «дәрумендер» деп аталып кеткен вейптер пайда болды. Өндірушілер оларда никотиннің орнына дәрумендермен және басқа да пайдалы заттармен араластырылған сұйықтық бар дейді. Болжам бойынша, бұл вейптерді үнемі қолдану белгілі бір дәруменнің әлдеқайда көп дозасын алуға және тапшылықты тез толтыруға болады-мыс. Сатылымда әртүрлі нұсқалары бар: С, В12 дәрумендерімен, тез ұйықтауға арналған мелатонинмен, энергияны арттыру үшін кофеинмен және т. б. Бірақ, белгілі болғандай, мұндай құрылғылардың пайдасы туралы сенімді қорытындылар жоқ, оған дәлел болатын уәкілетті мемлекеттік және ғылыми органдар да жоқ.

Елде вейптерге қатысты осындай жағдайда құрамында никотині бар өнімдердің нарыққа түсетін импортын қатаң бақылап, өнімнің сапасын растайтын тиісті құжаттарсыз тауарларды сатуға тыйым салу қажет. Сондай-ақ, құрамында никотині бар баламалы өнімдерге арналған техникалық регламентті әзірлеуді жеделдету және соңында елдегі вейптерді сатуға тәртіп орнату қажет.

 

Алкоголь өнімдері

Алкогольді жүйелі түрде тұтынудың өзі адам ағзасына айтарлықтай зиян келтіреді. Алайда, жалған алкогольді ішу өмірге қауіп төндіруі мүмкін.

Қазақстанда жалған алкоголь интернет-дүкендер мен үй маңындағы дүкендерге емін-еркін сатылады. Жалған алкоголь жасаудың бір әдісі – қолдан жасалған әдіс, мұнда контейнер ретінде пайдаланылған түпнұсқа бөтелкелер қолданылады. Белгісіз сұйықтық төгілгеннен кейін бөтелкелерге жалған акциздік маркалар жабыстырылады. Әдетте бос бөтелкелер мейрамханалардан, кафелерден сатып алынады, сонымен қатар, бұл бөтелкелер үлкен полигондар мен қоқыс полигондарында да жиналған болуы ғажап емес.

Мысалы, Алматы облысы Ават ауылындағы қоқыс полигонының қызметкерлері кейіннен қайта сату үшін белгілі брендтердің алкоголь өнімдерінен шыны бөтелкелерді жинаумен айналысатынын хабарлаған. Сарапшылар сапарлап барған кезде олар Qulan, Родная степь, Absolut, Казахстанский коньяк және т. б. брендтердің алкогольдік ыдыстарын дайындап жатқан.

Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша жалған алкогольдің басым көпшілігі белгіленген нормалар мен талаптарға сай келмейді.

Жыл сайын сапасыз алкогольді тұтынудан болатын өлім-жітім артып барады. Спирттік ішімдіктердің қымбаттауына байланысты елімізде контрафактіге сұраныс артқан. Қазақстанда алкогольден уланудан және ауыр уланудан ай сайын 30 адамға дейін өлім құшады.

Бұл біз талдай алған деректердің аз ғана бөлігі. Бірақ нарықта әлі де көптеген күмәнді өнім мен тауарлар бар. Зертханалар өнімдерді сәйкестендірудің мүмкін иместігіне және стандарттардың болмауына байланысты тексеруге қабылдаудан бас тартып жатқаны, кейде заң талаптары орындалмауы (снюс және т.б.) және тауарларды реттеу мүмкіндігі болмауы (мысалы, құрамында никотині бар өнімдерге арналған регламент) жағдайды одан бетер күрделендіріп отыр. Контрафактіні реттемей, халық денсаулығына төнетін қауіп тек өсетінін ұмытпаған жөн. Сондықтан салауатты өмір салтын қалыптастыру, салауатты тамақ өнімдерін тұтынуды насихаттауды күшейту, зиянды азайту тұжырымдамасы арқылы мінез-құлық қауіп факторларының (темекі шегу, алкоголь, отырықшы өмір салты) профилактикасын арттыру, халықтың репродуктивті денсаулығын жақсарту, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету ұлт денсаулығын нығайтуға ықпал етпек.