Қазақстанда алғаш рет көру қабілетінен айырылған балалар үшін спектакльдің арнайы көрсетілімі өтті
Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрында алғаш рет аудиодескрипциясы бар «Бремен музыканттары» спектаклі көрсетілді.
Аудиодескрипция – көру қабілетінен айырылған адамға ақпарат берудің маңызды құралдарының бірі, сахнада, экранда көрсетілетін нысан немесе құбылыстардың вербалды (ауызша) сипаттамасы. Аудиодескрипция ерекше қажеттіліктері бар адамдарға айналадағы орта, іс-әрекет туралы түсінік алуына, және сол арқылы өмірде маңызды ештеңені жіберіп алмайтынын сезінуге көмектеседі.
Балалар спектаклін бейімдеудің бірегей идеясы «Дара» қорының бастамасымен «Әлемді ашамыз» ауқымды жобасы аясында іске асырылды.
Наталия Сац атындағы театр – «Дара» қоры мен қор серіктесі – Gala Global Group компаниясы Қазақстан театрлары мен мұражайларының қызметкерлері үшін ұйымдастырған аудиодескрипция курсынан өткен еліміздегі алғашқы театр. Ал «Бремен музыканттары» қойылымына арналған аудиодескрипцияның бір бөлігі оқыту барысында дайындалды.
«Бүгінгі спектакльдің алдында дайындық кезеңі болды, оған қорымыз ұйымдастырған курстар кірді, өйткені ең маңыздысы мәселе – аудиодескрипцияны сауатты дайындай алатындай мамандарды оқыту. Театр қызметкерлері дәл осы қойылымды бірден таңдады, және неге екені түсінікті: «Бремен музыканттары» – бұл өте көңілді спектакль, онда бәріне таныс мультфильмдегі әйгілі әндер айтылады, сонымен қатар театр әртістерінің жанды ойыны көрермен көңілінен шығады», — деп «Дара» қорының маманы Қасиет Омарова атап өтті.
Бұл қалай жұмыс істейді? Көрермендерге сахнада не көретіліп жатқанын арнайы маман – аудиодескриптор кейіпкерлердің дауыстарымен қабаттаспау үшін арнайы микрофонға айтып отырады, ал дыбыс құлаққаптары бар арнайы құрылғыға түседі. Осылайша, аудиодескриптордың жұмысы басқа көрермендерді алаңдатпайды.
Спектакльді тамашалауға № 4 арнайы мектеп-интернат оқушылары шақырылды. Қойылым алдында оларға театр ғимаратына экскурсия өткізілді.
«Экскурсия балаларға спектакль басталғанға дейін көбірек ақпарат алу үшін ұйымдастырылды: балалар реквизиттерді, сахнадағы декорацияларды қолмен ұстау арқылы танысып шыкқты. Оларға сахналық костюмдер киген актерлер шығып, балалармен сөйлесіп, костюмдерді де қолмен ұстап танысуға мүмкіндік берді», — деді Қ. Омарова.
Оның айтуынша, мұның бәрі көру қабілетінен айырылған балаларға сахнада не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік берді және спектакльден кейін олар оны басқа көрермендермен бірге талқылай алады.
Сондай-ақ, қор еліміздің басқа театрлары болашақта бұл бастаманы қолдайды деп үміттенетінін атап өтті.
«Әлемді ашамыз» жобасына 2015 жылы «Дара» қоры Қазақстанда көру қабілеті жоқ балалар үшін білім беру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында бастамашылық етті. Жоба аясында алдымен елордалық №10 мектеп-гимназиясында, содан кейін еліміздің тағы 5 оқу орнында көру қабілеті жоқ балаларға арналған мамандандырылған сыныптар ашылды. Сонымен қатар, жоба аясында балабақшаларда мамандандырылған топтар ашылып, елімізде көру қабілетінен айырылған балаларға арналған спорт – шоудаун, голбол дамытылып жатыр.