Қазақстанда брейкингтен әлемдегі ең ірі чемпионаттың финалы өтті
Алматы қаласында Red Bull BC One – брейкингтен, жекпе-жек форматында, әлемдегі ең ірі чемпионаттың ұлттық финалы өтті. B-Boy Create (Дәулет Анарбеков) пен B-Girl Sayora (Саёра Әлібекова), екінші жыл қатарынан, үздік биші деп танылды. Парижде өтетін әлемдік финалда еліміздің намысын осы екеуі қорғайды.
Red Bull BC One – брейкинг бойынша, «жекпе-жек» форматында өтетін, әлемдегі ең ірі және беделді чемпионат. Жыл сайын, мыңдаған биші әлемдік финалға қатысып, әлем чемпионы атану мүмкіндігіне қол жеткізу үшін, бір-бірімен жарысқа түседі. Биыл, ұлттық іріктеу жарыстары, әлемнің 28 елінде өтіп жатыр, солардың ішінде Қазақстан да бар. Осы жарыстардың нәтижесі бойынша, ең мықты бишілер (әр елден 1 би-бой және 1 би-гёрл) анықталады. Олар қазан айында, Парижде өтетін әлемдік финалға қатысып, сол жерде «топ 16» шешуші кезеңіне өту үшін бір-бірімен күш сынасады, одан кейін әлем чемпионы атағына таласады.
Red Bull BC One Cypher 2023 Kazakhstan-ның ұлттық финалына дейін 3 қалада: Ақтөбе, Астана және Алматыда қалалық іріктеу жарыстары өтті. Сол жарыстардың нәтижесі бойынша, ұлттық финалға қатысатын мықты спортшылар анықталды (топ 16 b-boys және топ 8 b-girls).
Ұлттық финалға 24 брейк бишісі қатысты, олардың арасындағы жарыс олимпиадалық «шығып қалу» жүйесі бойынша өтті. Қатысушылардың өнерін b-girl Sarah Bee (Франция), b-boy Neguin (Бразилия) және Red Bull BC One 2021 жарысының жеңімпазы b-boy Amir (Қазақстан) сияқты танымал әділ қазылар бағалады.
Ұлттық финалда, екінші жыл қатарынан, B-Boy Create (Дәулет Анарбеков) пен B-Girl Sayora (Саёра Әлібекова) жеңіске жетті. Былтыр, Нью-Йоркте өткен әлемдік финалда, Қазақстанның атынан осы екі биші өнер көрсеткен еді.
«Арқамнан бір жүк түскендей болып тұрмын. Өйткені бұл мен үшін нағыз сынақ еді. Былтырғы ұлттық финалда жеңіске жеткенмін, биыл сол атағымды қорғауым керек болды. Бұл жарысқа физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да ұзақ дайындалдым. Өзімді жеңімпазбын деп елестеттім және сол ойымды іске асырдым», — деді B-Boy Create.
«Бұл мен үшін моральдық тұрғыдан ең қиын баттл болды. Осы жолы тағы да жеңіске жеткеніне қатты қуандым. Өмірдегі ең үлкен арманым — Red Bull BC One-ның әлемдік финалында жеңіс тұғырына көтерілу», — деді B-Girl Sayora.
Сондай-ақ, ұлттық финал аясында, осы чемпионаттың ресми серіктесі – сандық төлемдер индустриясының көшбасшысы, Visa компаниясы өткізген #Парижгежеткеншебилеймін байқауының жеңімпазы анықталды. Бұл байқаудың екі финалисі, Red Bull BC One Cypher Kazakhstan 2023 сайысының финалы алдында, бір-бірімен баттл өткізді. Сол баттлда B-Boy Silver Max (Максим Хайрулин) жеңіске жетіп, Парижде өтетін әлемдік финалға, көрермен ретінде баратын жолдама ұтып алды.
Red Bull BC One тарихындағы жиырмасыншы әлемдік финал биылғы қазан айында, Париждегі әйгілі «Ролан-Гаррос» стадионында өтеді. Ол стадион теннис кортынан, брейкинг өтетін аса ірі халықаралық аренаға айналады.