Қазақстанда пилоттық жоба аясында ерте қолдау қызметтері ашылатын болады
Қазақстанда дамуында бұзылу қаупі немесе даму ерекшеліктері бар балалардың отбасыларын ерте қолдау қызметтерін ашу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Ерте қолдау қызметінің мамандарына 0-3 жас аралығындағы балалары бар отбасылар жазыла алады, ал басты жұмыс ата-аналарды оқытуға бағытталатын болады. Пилоттық режимде ел бойынша осындай 17 қызмет ашылмақ, алғашқылары ағымдағы жылдың шілде айында жұмыс істей бастайды.
Ерте қолдау – балаларды қолдау жүйесіндегі жаңа бағыт, мақсаты – баланың дамуында ауытқулар қалыптасу қаупін азайту. Ерте қолдау жүйесі биопсихоәлеуметтік тәсілге және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған Тіршілік әрекеті мен денсаулықтың жұмыс істеуінің халықаралық сыныптамасына (ЖХС) негізделген.
Бастаманы «Дара» қоры «Мүмкіндіктер уақыты» жобасы аясында «Шеврон» компаниясының қолдауымен іске асырып жатыр. Жоба ерте қолдау жүйесінің моделін құруға, ерте қолдау қызметтерінің жұмысында бірыңғай тәсілді енгізуге бағытталған. Жоба бойынша мамандарды оқыту да қарастырылған.
«Елімізде қолданыстағы тәсілдер негізінен баланың өзімен, оның дағдыларын түзету және қолдау мақсатында жұмыс істеуге бағытталған, бұл ретте жұмыс бала 1,5-2 жасқа толғанда ғана басталады. Ал ерте қолдау қызметтері туғаннан бастап өмірдің алғашқы жылдарындағы балаларды қамтиды. Бұл баланың миы ең икемді және қалыптасу шағындағы уақыт аралығы. Бұл ретте мамандардың жұмысы ата-аналарды оқытуға бағытталады, өйткені тек ата-аналармен қарым-қатынас баланың өзін жайлы сезінуіне және даму үшін өзінің барлық әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді»,- дейді «Дара» қорының өкілі Айгүл Табергенова.
Қызметтер психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің базасында ашылып, аталмыш мекемелердің қызметкерлері оқытудан өтеді. Осылайша ерте қолдау қызметінің 55 маманы даярланады. Олар жаңа жұмыс әдістерін қолдана отырып, өмірдің алғашқы кезеңінде баланы дамыту дағдыларына ата-аналарды үйрету арқылы отбасыларға көмектеседі. Мысалы, әлемді, қоршаған ортаны тану, қарым-қатынас жасау, еңбектеу немесе серуендеу, балаға өзін-өзі күту дағдыларын үйрету: тамақтану, қол жуу және т.б. Балада аталған әрекеттің кез-келгенімен қиындықтар туындауы мүмкін, ал ерте қолдау мамандары отбасы үшін қиындықтарды азайтуға көмектесетін қызметтерді таңдайды.
Алғашқы отбасылар мамандардың көмегіне 2024 жылдың соңына қарай жүгіне алады.
Айта кетейік, пилоттық жобаны ҚР Білім министрлігі мен 17 ерте қолдау қызметі ашылатын 12 өңірдің: Алматы, Абай, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарының, Астана және Шымкент қалаларының әкімдіктері қолдады.