Қазақстандағы мәнерлеп жүзу спортының жағдайы қалай?
Қазақстандағы мәнерлеп жүзу спортындағы кедергілерді еңсеру және даму жолында қандай істер атқарылып жатқандығы туралы Алматы қаласының мәнерлеп (синхронды) жүзу федерациясының (ASFA) өкілдері арнайы баспасөз-конференциясын ұйымдастырды.
Елімізде 1984 жылдан бері қолға алынған мәнерлеп (синхронды) жүзу спортының бірқатар жетістіктері болғанымен бұл күндері айтарлықтай мәселелер тілге тиек етіліп отыр. Жаттықтырушылардың тапшылығы, оқытудың қымбаттығы және бассейндердің жетіспеушілігі, тәуелсіз төрешілердің болмауы және олардың біліктілігінің төмендігі, жаттығу базаларының болмауы және қаржының жетіспеушілігі спорттың осы түрін дамыту жолындағы негізгі кедергілер болып тұр. Елімізде 62 бассейн ғана жұмыс iстейдi, бұл мектептердiң жалпы санының 1% -нан азын құрайды (7400-ден астам мектеп). Сонымен қатар, соңғы үш жылда Қазақстанда 321 бала суға батып кетті, бұл жүзу қабілетінің өзектілігін көрсетеді. Жүзу дағдыларын дамыту тек спорттық міндет қана емес, сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік пен балалардың денсаулығына қамқорлықтың маңызды элементіне айналады.
Алматыдағы Әртістік жүзу федерациясының президенті Әлия Закария:
«Қазақстандағы әртістік жүзу — бұл жай ғана спорт емес, ол кедергілерді еңсеріп, дамуға апаратын жол. Біздің мақсатымыз — әркімнің осы эстетикалық спорт түріндегі өз әлеуетін ашуы және әлемдік турнирлерде елімізге атақ әкелуі үшін жаттығулардың қолжетімдігі мен сапасын қамтамасыз ету. Біз қоғамның, мемлекеттің және спорттық қауымның бірлескен күш-жігерімен спорттың осы түрін дамытып, халықаралық аренада жаңа биіктерге қол жеткізе алатынымызға сенеміз»
Алматы қаласының мәнерлеп (синхронды) жүзу федерациясы (ASFA) осы мәселелерді шешу үшін шұғыл шараларды қолға алып отыр. Оның ішінде жаттығу базаларын жақсарту, бассейндерді қол жетімді қылу, білікті жаттықтырушы мен төреші санын арттыру, сондай-ақ спорттың осы түрін дамыту үшін қаржыландыруды ұлғайту.
Алматыдағы Әртістік жүзу федерациясының вице-президенті Әсел Орынбасарова:
«Біздің спортшыларымыздың дайындығы да, икемі де мықты. Өз тарапынан барлық жауапкершілікті түсініп, ел сенімін арқалап отырған жас спортшыларымыз ел намысын үлкен додаларда қорғап келеді. Алайда, қоғамның назарын аударатын біздің бірқатар мәселелеріміз бары анық. Осы жолда біз жергілікті билік өкілдері мен демеушілердің қолдауына алғыс айтып, көптеген шараларға қатысып, мәнерлеп жүзу спортын дамыту жолында меморандумға қол қойып, келіссөздер жүргізіп келеміз. Болашақта жүзеге асыратын жоспарларымыз көп, жаңа жұлдыздардың есімдерін таныстырғымыз келеді. Көк туымыздың халықаралық жарыстарда желбірейтін күндердің ауылы алыс емес деген үміттеміз»
Алматы қаласының мәнерлеп (синхронды) жүзу федерациясының (ASFA) өкілдерінің айтуы бойынша, Алматыдағы 57 бассейннiң небәрi 6-сы ғана әлемдiк жаттығу стандарттарына сәйкес келедi. Олардың тек 3-уi ғана жарыстар өткiзуге лайық, бұл спорттың осы түрiн дамыту үшiн қиындықтар туғызады, өйткенi бассейннiң техникалық параметрлерi халықаралық белгiленген
нормаларға — 25х20 м және тереңдiгi 3,5 м сәйкес келуi тиiс. Сонымен бiр мезгiлде жаттықтырушылар, спортшылар мен олардың ата-аналарының арасында саланы және нормативтiк базаға қол жеткiзудi реттейтiн нормативтiк құжаттар бөлiгiнде ақпараттандыруды арттыру қажет. Сондай-ақ әкімшілік және есептік үдерістерді цифрландыру туралы мәселе өткір тұр, бұл саланы басқаруда ашықтықты қамтамасыз етеді.
Алматы қаласының мәнерлеп (синхронды) жүзу бойынша бас жаттықтырушы Әйгерім Исаеваның пікірінше жүзу алаңдарынан бөлек, бұл саладағы мамандардың қажеттіліктерін қанағаттандыру жолындағы мәселелерді қолға алған абзал. Жаттықтырушылар пен спортшылардың жағдайын жасап, бұл спорт түрін жан-жақты дамытып, ел назарын аудару басты назарда.
Расында да елімізде мәнерлеп (синхронды) жүзу өскелең ұрпақ арасында біздің спортшыларымыздың халықаралық спорт аренасындағы табыстары мен үлкен жеңістері аясында танымал.
Мәнерлеп (синхронды) жүзу — бұл хореография, көркем гимнастика, акробатика және суасты жүзу элементтерін қамтитын эстетикалық және ойын-сауық спорт түрі.
Мәнерлеп жүзумен айналысудың пайдасы қыздар үшін де, ұлдар үшін де даусыз, жалпы физикалық жағдайдан басқа, дені сау ұрпақты туу үшін ерлер мен әйелдер денсаулығын нығайтуға ықпал етеді. Физикалық артықшылықтармен қатар, мәнерлеп жүзумен айналысу стресске төзімділікті, мақсаткерлікті және бәсекеге қабілеттілікті, сондай-ақ төзімділікті дамытады. Бұл дағдылар жеке қасиеттер мен патриотизмді қалыптастыруға ықпал ете отырып, спортта да, жалпы өмірде де маңызды.