Қазақстандықтардың көлік алудан көңілдері қалды
6-шы ақпанда ала таңнан компьютер алдына отырып, жеңілдетілген пайызбен көлік аламыз ба деген көпшіліктің көңілдері су сепкендей басылды. autonesie.kz сайты сағат 10-да қосылғанмен, сайтқа өтінім бере алмадық деген көпшіліктің қарасы қалың.
Белгілі журналист Диас Нұрақын Фейсбуктегі жеке парақшасында «Электронды кезекке деген күмән қоюланды. Таныстарым, достарым, оқырмандарымның ешқайсысы тіркелмеген. Кейбірі осы кезекті мен ойлап тапқандай жекеге жазып, ренжіп жатыр. Таңнан бері 50 шақты адам хабарласты. Соның бірде біреуі ілікпеген. Мақтаулы порталдары жүктемені көтере алмай қалды. Бірақ инсайдерлік ақпарат бойынша 761 адам өтініш беріп үлгеріпті. Соңғы заявка 10.00 де тіркеліпті. Демек біз клавиатураны тоқпақтап, ЭЦП-ның құпия сөзін жазып, ашылмай қалған көлік өндіруші деген батырманы баса алмай отырғанда, «өз адамдары» тіркеліп кеткен. Бірақ қазанның қақпағын ұстап отырғандардың қандай құйтырқылыққа барғанын дәлелдеу қиын» деген жазба қалдырды.
Ал белгілі жазушы Қанат Әбілқайыр әлеуметтік желіде «Өтінімді алғашқы 3-4 секундта беріп үлгердік. 18 секунттық аламанға бәйбішемді қосқам. Арнайы әйдік IT маманын көмекке шақырдық. Алғашқы өтінімді 2-3 секунтта, екінші өтінімді 4-5 секунтта жөнелтіп үлгердік. Компьютеріміз банктердің ұлы бағдарламаларын жасауға жарап жүрген әйдік техника. Оның бір сәтке кідіріп қалуы мүмкін емес. Сөйтсе де, мәреге жетіп-жетпегенімізді біле алмай отырмыз! Әлгі 18 секунтқа басқа үлгермесе де, біз үлгеруіміз керек еді ғой. Жеке кабинетті сәт сайын тексеріп, мазамыз кетіп отыр. Егер әлгі тізімге бәйбішем кіре алмай қалса, онда мына дүбірдің түбірімен жалған болғаны! 3-4 секунтта өтінім беріп үлгерген адамың енбей қалса, басқа не деуге болады?» деп жазды.
Артынша автонесиеге қатысты брифинг өтіп, жауапты мамандар барынша ақталып бақты. Олардың айтуынша таңғы сағат 10.00-де платформа іске қосылған сәттен бастап алғашқы 18 секундта 761 қазақстандық өз өтініштерін тіркеді. Бірінші минутта сайтқа кірушілер саны 125 000 адамды құрады. Бұл туралы Индустрияны дамыту қоры хабарлады. Ведомство мәліметінше, лимитке жеткеннен кейін өтінімдерді қабылдау автоматты түрде аяқталып, өтініш беру функциясы істен шыққан. Өтініш беру процесінде кейбір пайдаланушылар көлік өндірушісін таңдай алмады, бұл өтінім лимитіне жетуге байланысты болған, – деп толықтырды қор. Келесі өтінім қабылдау наурыз айында іске қосылмақ, одан кейін ай сайын қолжетімді болады.
Алайда желіні таңғы сағат 7-те автонесиеге өтініш беріп үлгерген Мақсат А.Н. есімді пайдаланушының өтініш берген скриншоты шарлап кетті. Осыған қатысты желі қолданушыларының арасында автонесиеге қатысты күмән мен күдік қоюлана түсті.
Жалпы мұндай жағдайлар соңғы кездері жиіліп кетті. Атауы жер жаратын «игі шаралардың» басталуынан бітуі тез болады. Ашық түрде өтпей, керісінше, барынша «жабылу қазан жабуымен қалатындай» әрекеттер жүргізіледі.
Қалың көпшіліктің күмәнім сейілту орнына, керісінше, жылы жауып қоюды дағдыға айналдырмай, қарасы қалың қауымға бір табан жақын болса игі. Диджитал саласында өзге елдерден алға озған Қазақ елінің азаматтары кез келген ақпаратқа қол жеткізе алғаны жөн.