Қазақстанның көрнекті графигі және кескіндемешісі Аман Бақтығалиұлының (1945-2020) 80 жылдық мерейтойына арналған еске алу көрмесінің ашылуы өтеді

2025 жылдың 12 тамызында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның көрнекті графигі және кескіндемешісі Аман Бақтығалиұлының (1945-2020) 80 жылдық мерейтойына арналған еске алу көрмесінің ашылуы өтеді.

Ретроспективті көрмеде автордың 1970 жылдардан 2020 жылдарға дейінгі аралықтағы 70-тен астам графикалық және кескіндемелік туындылары ұсынылған. Бұл – суретшінің Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейіндегі екінші жеке көрмесі. «Менің Қазақиям» атты алғашқы көрмесі 2006 жылы өткен болатын. Аман Бақтығалиұлы – 1980 жылдары өзіндік дара қолтаңбасымен танылған қазақстандық суретшілер буынының өкілі. Ол ұлттық бейнелеу өнерінің мазмұны мен пішінін жаңартуға ұмтылып, жаңа көркемдік тіл қалыптастыру жолында М. Қисамединов, И. Исабаев, Б. Пак, А. Рахманов, С. Айтбаев, Ш. Сариев, Т. Досмағамбетов, Қ. Қаметов сынды белгілі суретшілермен қатар еңбек етті.

Суретші 1945 жылы Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы), Ембі ауданы, Қамыскөл ауылында дүниеге келген. 1968-1972 жылдары Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде Б. Пактың жетекшілігімен білім алған. Сол жылы Ленинградтағы И. Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтына оқуға түсіп, 1979 жылы профессор В. Ветрогонскийдің шеберханасында «Графика» мамандығын тәмамдады. Оның дипломдық жұмысы – «Ақ күннің өлкесінде» атты эстамптар топтамасы. 1979 жылдан бастап Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищеде ұстаздық қызмет атқарған. 1981 жылы Қазақ КСР Суретшілер одағына мүше болып қабылданды. 1987-1989 жылдары Қазақ КСР Суретшілер одағы басқармасының хатшысы, 1992-1995 жылдары аталған училищенің директоры қызметін атқарды.

Аман Бақтығалиұлы – қазақ бейнелеу өнері тарихында ерекше орны бар дарынды график. Оның туындыларынан пластикалық бейнелеу шеберлігі, егжей-тегжейге дейін мән бере білу қабілеті, образдық метафораларға құрылған терең мазмұн, композициялық айқындық және тақырыптық өзектілік айқын аңғарылады. Суретші өз шығармашылығында заманауи Қазақстан өмірін басты тақырып етіп алған. Көрмеде суретшінің «Менің өлкем» (1978-1979), «Қазақстан» (1980), «Жеңіс күні» (1985) атты графикалық топтамалары ұсынылған. Түрлі түсті литография техникасында орындалған бұл туындыларда қарапайым адамдардың күнделікті өмірі мен еңбекке толы күндері, сондай-ақ Батыс Қазақстан өңірінің табиғаты мен ландшафты бейнеленген. Экспозицияның бір бөлімі қазақ халқының тарихи болмысына және эпостық мұраларына арналған еңбектерді, сонымен қатар Шыңғыс Айтматов шығармаларына жасалған иллюстрацияларды қамтиды. Көрменің маңызды бөлігін А. Бақтығалиұлының кескіндемелік шығармалары құрайды. Оның кескіндеме туындылары сәнді нәзіктікпен, шартты-символдық тілмен және көркемдік шеберлікпен ерекшеленеді. Экспозицияда портреттер, натюрморттар мен абстрактілі композициялар ұсынылып, суретшінің көркемдік ізденістері мен қоршаған ортаның сұлулығын жеткізуге деген ұмтылысы көрініс табады.

А. Бақтығалиұлы 1970-жылдардан бастап отандық және халықаралық деңгейде 30-дан астам көрмеге қатысып, өзінің шығармашылығымен көрермен көңілінен орын тапты. Оның туындылары Ресей, Украина, Мексика сынды алыс-жақын шетелдердің мемлекеттік және жеке коллекцияларында сақталған. Сонымен қатар Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің қорында суретшінің оннан астам графикалық жұмысы жинақталған. Аман Бақтығалиұлының бай шығармашылық мұрасы – XX ғасырдың екінші жартысы мен XXI ғасырдың басындағы ұлттық бейнелеу өнерінің ажырамас бөлігі. Бұл мерейтойлық көрме қазіргі көрерменді дарынды суретші әрі педагогтың ғажайып көркемдік әлемімен тереңірек таныстырады.

Көрме 2025 жылдың 5 қыркүйекке дейін жалғасады.

Көрме кураторы: Айжан Қалшора, «Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері