Қазхром ұмытпайды!
Бүгінгі бейбіт күннің оңай келмегені анық. Сол себепті, оның мәні мен маңызын ұрпақтарға жеткізіп, ой салу – басты міндет. Осы орайда Қазхром филиалдарында Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған ерекше акция өтті. 9 мамыр күніне арналған шара «Қазхром ұмытпайды» деген жазуы бар белгішелер таратудан басталды.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң тау-кен байыту комбинатының негізгі цехтарында таңмен таласа Жеңіс күніне арналған әндер ойнап, кіре берістерде жұмысшыларға белгішелер таратылды. Мәртебелі мерекенің лебі ескен дәліздерде шахтерлер мен металлургтердің көңіл күйлері көтеріліп, бір-бірін құттықтап, естелік суретке де түсіп үлгерді.
Дөң тау-кен байыту комбинатының Жастар кеңесі «Молодежная» және «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы шахталары мен кенді байыту және кесектеу фабрикасына жұмысшылардан бұрын жетіп, оларға ауысым алдында мерекелік көңіл-күй сыйлады.
– Жүрегім шымырлап кетті. Өте әсерлі. Бұл мереке бізді жетістіктерге жігерлендіріп, жанымызға қуат береді. Белгішені кеудеме таққанда бейбіт күн мен ашық аспан сыйлаған батырларымыздың рухына іштей тағзым еттім. Біз бақытты ұрпақпыз. Келе жатқан мереке баршамызға құтты болсын, — деді Дөң тау-кен байыту комбинаты №3 жөндеу цехының қызметкері Амандық Төлепберген.
Ақтөбе де Жастар кеңесі белсенділік көрсетті. Тіпті кейбір қызметкерлер сол бойда соғысқа аттанған аталары жайында естеліктерімен де бөлісті.
– Сталинград түбінде шайқасып, соғыстан оралмаған атам Иван Макан туралы кезінде естелік әңгіме жаздым. Біз үшін атамыздың қарақағазы – отбасылық қазына. Әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Атамның жерленген жері жазылған қарақағазды лейтенант жазыпты. Бірақ ол құпия дерек болғандықтан, сызып тастаған, — деді Ақтөбе ферроқорытпа зауыты зертханасының инженер-химигі Татьяна Макан.
– Толқып тұрмын. Менің атам Манбай Қожамұратов та соғыста болған, — деп бастады «BTS» ЖШС өндірістік жүйелерді дамыту жөніндегі сарапшы Сәкен Манбаев. – Ұрпақтары оның соғысқа аттанғанын ғана білеміз. Қолымызда басқа дерек жоқ. Әкем екеуміз ол туралы мәліметтер іздедік. Жерленген жерін тауып, білгіміз келді. Бар тапқанымыз – интернетте жазылған №16 Шалқар ауылы. Новосібір ауданынан майданға шақырылған деген бір-екі жол ғана ақпарат. Кеуделерін оққа тосқан батыр бабаларымыздың ерлігі мәңгі жадымызда!
ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ кәсіпорындарында кеудеге таққан әсерлі белгішелер жаңа жұмыс күніне келе жатқан қазхромдықтардың көңілін бір серпілтіп тастағандай болды. Жеңіс туын желбіреткен жауынгерлер есімі мәңгілік ел жадында.
Арайлым ҒАНИ