Қазхромның жаңа шахтасына алғашқы техникалар сатып алынды
ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының жаңа шахтасына су жаңа әрі қуатты бес электровоз сатып алынды. Чехиялық жаңа көліктер – шахтаның алғашқы жұмыстарына бірінші болып көмекке келіп жатқан жабдықтар. Мұндай маркадағы көліктер Қазақстанға алғаш рет әкелініп отыр.
Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтаның екінші кезегі биыл өз алдына бөлек цех болғанын бұған дейін жазған едік. Ол алдағы күзде іске қосылмақ. Қазіргі таңда бұл шараға дайындық қызу жүріп жатыр.
Чехиялық электровоздар алдыңғыларына қарағанда екі есе қуатты әрі замануи, жайлы да тыныш. Мұндай бір көліктің құны – 200 миллион теңге.
Қуатты қозғалтқыштары бар жабдық – 150 киловаттық. Яғни кәсіпорында бұрыннан барларынан екі есе қуатты.
– Көліктердің өнімділігі былай тұрсын, ол өте қауқарлы, машинист үшін арнайы ойластырылған, — дейді шахта басшысы Равиль Насыров. – Жабдықтар жарылыс пен шаңнан қорғайды, оған қоса камералар мен мониторы бар. Ток қабылдағыштары басқару пультінде орналасқан. Процестің барлығы кабина ішінде реттеледі. Сонымен қоса жаңа электровоздар әлдеқайда тыныш, сырттағы шу аз естіледі.
Қазіргі таңда жаңа көлік машинистері мен жөндеу персоналы теория мен практика тұрғысынан оқытудан өтіп жатыр.
– Машиналарды сынақтан өткізіп көрдік, — деді электровоз машинисі Әмір Қадіржанов. – Жабдықтың жағымды тұстарын айта өтейін. Тәулігіне 12 сағат жұмыс істейміз. Сондықтан көліктің жайлылығы біз үшін маңызды. Бұл электровоз қозғалыста жұмсақ, басқару кезінде ыңғайлы. Әрине, өнімділігі де маңызды. Біз мысалы бұның қуаттағышын ауысым бойы ауыстырмай-ақ, тоқтаусыз жұмыс істей аламыз.
Алда шахтаға тағы өздігінен жүретін жерасты техникалары келеді деп күтілуде. Самосвалдар мен жүк тиегіштер, бұрғылау қондырғылары, торкрет және бетон тасығыш көліктерді қосқанда жаңа шахта жалпы саны 49 көлікпен толығады.