ҚазҰУ студенттері есірткі мәселесін талқылады
Қазіргі уақытта есірткі қылмыстары қоғамның ең өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Әсіресе, жастар арасында есірткінің таралуы алаңдатарлық жағдай. Есірткіге тәуелділік жеке тұлғаның өмірін ғана емес, қоғамның да әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына зиян келтіреді. Сондықтан жастар арасында есірткі қылмыстарының алдын алу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.Жоғарыда аталған жайтты ескере отыра, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық,қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы Алматы қаласы прокуратурасының ресми өкілі, 2-сыныпты заңгер Шарипбаев Райымбек Алматұлы және
Алмалы аудандық прокуратурасының аға прокуроры, 2-сыныпты заңгер Бейімбет Мадияр Қасымұлымен студенттер үшін арнайы дәріс ұйымдастырды. Бұл кездесудің басты мақсаты – есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздік мәселелерін талқылау болды.Дәріс барысында өңірдегі қылмыстық ахуал туралы нақты деректермен бөлісіп, есірткі заттарын таратумен және қолданумен байланысты құқық бұзушылықтардың ауыр салдарын түсіндірді. Студенттерге құқықтық жауапкершілік пен жеке қауіпсіздікке мән берудің маңыздылығын ерекше атап өтті.Дәрісте есірткіге қарсы күрестің заманауи әдістеріне тоқталып, жастар арасында таралып жатқан есірткінің жаңа түрлері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар нақты істердің мысалдары келтіріліп, құқық бұзушылықтарға қатысты заңнамалық нормалар мен жаза түрлері туралы түсінік берілді. Қазақстан Республикасының заңнамасы есірткі заттарын таратумен және пайдаланумен күресті күшейтуде. Есірткінің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, есірткі сатушылар мен таратушыларға қатысты қатаң жаза қолданылады. Мұндай шаралар есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған.
Дәріс соңында қатысушылар прокурорларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толық жауап алды. Студенттер қала прокуратурасының есірткіге қарсы күреске бағытталған бағдарламалары мен іс-шараларына қатысуға ниет білдірді. Бұл дәріс студенттер үшін өзекті әрі пайдалы болды. Ол жастарға есірткі қылмыстарының алдын алу жолдарын терең түсінуге, жеке жауапкершіліктің маңыздылығын ұғынуға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер студенттердің құқықтық санасын арттырып, қоғамдағы есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Есірткі қылмыстарының алдын алу – уақыт күттірмейтін мәселе. Жастар – қоғамның болашағы, сондықтан оларды зиянды әдеттерден қорғау баршамыздың міндетіміз. Білім беру, түсіндіру және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру арқылы ғана бұл проблемамен күресе аламыз. Есірткі қылмыстарымен күресте тек құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам белсенділік танытуы тиіс. Әрбір азамат өз ортасында жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларды салауатты өмірге шақыруға атсалысуы керек. Қоғамның әрбір мүшесі есірткіге қарсы күресте белсенділік танытса, келешегіміз жарқын болмақ.
Мухамадиева Г.Н.,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық
іс жүргізу және криминалистика кафедрасының доценті,з.ғ.к
Жанибеков А.К.,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының профессор м.а., Phd докторы
Ербол Ерим,
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ Заң факультетінің студенті