«Кітапхана түніндегі» көрме: Сәбит, Ғабит және Жамбыл руханияты үндескен кеш

Алматы қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында дәстүрлі «Кітапхана түні» биыл «Кітаппен өрілген елу жыл» атты тақырыппен өтті. Ауқымды әдеби-мәдени іс-шара кітапхананың жарты ғасырлық және жыр алыбы Жамбылдың 180 жылдық мерейтойларына арналды.
«Кітапхана түні» мерекелік шарасының шымылдығын Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы Ләззат Мұхтарқызы ашып, жиналған қауымға өзінің жылы лебізін білдірді.
Рухани кештің сәнін келтіріп, оқырман қауымға тағылымды тарту жасаған маңызды оқиғалардың бірі – С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің арнайы қатысуы болды. Музей ұжымы осы айтулы шара аясында «Дәуір үні. Ұлт мақтаныштары» атты арнайы жылжымалы көрме ұйымдастырып, кітапхана қонақтарының назарына ұсынды. Көрменің басты ерекшелігі – қазақ сөз өнерінің қос алыбы, академик-жазушылар Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін құнды жәдігерлердің көпшілікке жол тартуы еді. Ерекше экспозиция қатарынан қос жазушының жыр алыбы Жамбыл Жабаевпен бірге түскен тарихи фотосуреттері, олардың өздері тұтынған жеке заттары орын алды.
Әдеби басқосу барысында сөз алған Музей кешенінің ғылыми бөлім жетекшісі, белгілі ақын, ғалым Әділғазы Қайырбеков кітапхана мен Музей кешені арасындағы мәдени қарым-қатынас, Жамбыл Жабаев пен Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов арасындағы шынайы достық, сыйластық және тығыз шығармашылық байланыстар туралы тереңнен толғап, қызықты естеліктермен бөлісті. Ол ұлы тұлғалардың қазақ әдебиеті мен мәдениетін биік белеске көтеру жолындағы игі істеріне тоқталып, бұл байланыстың кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге екенін атап өтті.
Өз кезегінде С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі Назгүл Алтаева көрмеге қойылған әрбір жәдігердің тарихымен егжей-тегжейлі таныстырды. Іс-шараға қатысқан музей, кітапхана қызметкерлері, оқырмандар жазушылардың тұтынған бұйымдарын зор қызығушылықпен тамашалап, өткен күннің тірі куәсіндей болған рухани мұрамен жақыннан қауышты.
Көрмеде айтылған тарихи байланыстар қос классиктің шығармашылық еңбектерінде де көрініс тапқан. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов өз мақалаларында жыр алыбының феноменін ғылыми әрі әдеби тұрғыдан жоғары бағалаған.
Сәбит Мұқанов Жамбыл шығармаларын жинау, жариялау және зерттеу ісіне өлшеусіз үлес қосты. Ол өз еңбегінде: «Жамбыл жүз жасаған адам, соның 85 жылы ақындықпен өтті. Сөзді өлеңмен сөйлетін адам», – деп ақынның теңдессіз дарынын айқындап берді. С. Мұқанов Жамбылдың халық поэзиясының атасы екенін негіздей отырып, оның Сүйінбайдан алған батасын, Құлмамбетпен айтысын және соғыс жылдарындағы жырларының тарихи маңызын өз мақалаларында егжей-тегжейлі талдады.
Сөз зергері Ғабит Мүсірепов те Жамбыл шығармашылығын қазақ сөз өнерінің биік шыңы деп қарастырды. Ол өз мақалалары мен баяндамаларында Жамбылдың жыраулық дәстүрді XX ғасырдың жаңа мазмұнымен байытқан жаңашылдығына тоқталды. Ғабең Жамбыл поэзиясының тілдік ерекшелігін, оның халықтық сипаты мен сөз байлығын жоғары бағалай келе: «Жәкең шығармашылығы ғасырдан ғасырға кетеді. Халық ақындарынан шыққан мұндай алып ақын болған емес», – деп тұжырымдаған.
«Кітапхана түні» аясында ұйымдастырылған бұл жылжымалы көрме мен ұлылардың рухани үндестігі жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп, классик жазушыларымыз бен халық поэзиясының алыбы Жамбыл мұрасына деген құрметін арттыра түскен маңызды қадам болды.
Рашида ОТАР
Алматы қаласы музейлер бірлестігі,
С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің
әдеби-мемориалдық музей кешенінің
аға ғылыми қызметкері

