Қонаев қаласындағы оңтүстік көпір жолы ашылды
Көпірдегі күрделі жөндеу жұмыстары 26 қаңтар күні басталған. Алдын ала хабарлағанымыздай, жұмыс 1 айға созылуы керек болған. Алайда, мердігер компания күшейтілген режимде жұмыс жасап, күрделі жөндеуді мерзімінен бұрын аяқтады.
Не жасалды?
Жолдың біріктірілген жеріндегі ақауы бар 6 темір ауыстырылды. Жалпы ұзындығы 46,8 метрді құрайды. Алдымен жолдың бір бағыты жөнделіп, кейіннен екінші жағы жөнделді. Темірлердің орнына арматуралар қойылып, бетон, сосын мастика құйылды. Сондай-ақ біріккен тұста ауыр салмақтағы көліктердің ағымына шыдас беретін резеңке іспеттес материал қойылды.
Қандай технология қолданылды?
«TARKER» ЖШС еуропалық технология бойынша жұмыс жасады. Деформацияға ұшыраған жолды жөндеу отандық сертификаттарда бекітілген нормаға сәйкес жүргізілді.
Жол тағы бұзылса, не болады?
Мердігер компания 5 жылға кепілдік беріп отыр. Егер осы уақыт аралығында қандай да бір бұзылулар мен ақаулар анықталса, серіктестік өз қаржысына жолды жөндейтін болады.