«Kóshpendiler áýeni» халықаралық этникалық музыка фестивалі өтеді
2023 жылдың 11-13 желтоқсан күндері сағ.:19:00-де елорда жұртшылығы этникалық музыка әлемінің үздік өнерпаздарымен қауышпақ. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастырумен өтетін «Kóshpendiler áýeni» халықаралық этникалық музыка фестивалінде Қырғыз Республикасы, Түркия, Өзбекстан (Қарақалпақстан), Саха Республикасы (Якутия) және Қазақстанның әртістері, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының әртістері өнер көрсетеді.
Жобаның мақсаты — біртұтас этникалық шығармашылық орта құру, түркі халықтарының бірлігі мен руханиятын ұлықтау, тарихы тереңнен бастау алатын түркі мәдениеті мен өнерін дәріптеу. Елорда тұрғындары мен қонақтары өткеннің бейнесін жаңғыртатын даланың фольклорлық әуендерін тыңдап, көшпенді халықтардың рухани мұрасымен жақынырақ танысады.
Сонымен қатар, «Көшпенділер әуені» этникалық музыка фестивалінің аясында 13 желтоқсан күні, сағ.:19:00 дәстүрлі өнерімізді дәріптеп, алқалы әлеуметке боямасыз насихаттап, алты құрлыққа паш етіп жүрген белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, ұстаз, әнші-жыршы, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының солисі Елмұра Жаңабергеннің сахнадағы 35 жылдық мерейтойына орай «Дүрлердің дүбірінен жеткен дауыс» атты шығармашылық кеші өтеді.
Концертке Роза Аманова (Қырғыз Республикасы), Гүлнар Алламбергенова (Қарақалпақстан), Арсланбек Сұлтанбеков, Фериаль Башель, Альпер Кырач (Түркия), және жыршы, әнші, күйші, этномузыкатанушы, фольклорист Берік Жүсіпов, Салтанат Ерсұлтан, Асқар Мұқият, «HasSak» этно-фольклорлық тобы, ҚР МКҚ Президент оркестрі, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі және Елмұра Жаңабергеннің шәкірттері Н.Ерталап, Н.Октябрь, А.Манас қатысады.
Фестивальге қатысушылар:
Роза Аманова (Қырғыз Республикасы) — танымал қырғыз әншісі. Дастаншы, композитор, қомузшы. Қырғыз Республикасының халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Қырғыз Республикасының Тоқтоғул атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қырғыз Республикасы Композиторлар одағының мүшесі. Қырғыз дәстүрлі музыка қорының төрағасы. Өнертану ғылымының докторы, профессор.
Арсланбек Сұлтанбеков (Түркия Республикасы) түркі әлемінде қазақтың ұлттық аспабы домбырамен өнер көрсетіп танымал болған ноғай халық жырауы, домбырашы әрі ақын.
2004 жылы Арсланбек Сұлтанбеков Астанаға қоныс аударып, Президент оркестрінде өнер көрсетті. 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығына арналған әскери-патриоттық әндер конкурсында екі бірдей номинацияда жеңімпаз атанды. 2008 жылы Қазақстанда «Ащы су» (Aşşı Su) атты CD альбомын жарыққа шығарды.
Ферияль Башель Тузун (Түркия Республикасы). Әншінің кәсіби қызметі 2002 жылы Түркия Мәдениет министрлігінің «Түркі әлемі» музыкалық тобында басталған. 1999, 2000, 2001 жылдары Eurovizion байқауына қатысқан. «Әлемдік түрік географиясының тәуелсіз республикаларымен дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығы» аясында 2017 жылы ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен әншінің түрік әлемдік әуендерінің компакт-дискісі жарық көрді.
Альпер Кырач (Түркия Республикасы) кәсіби музыкалық мансабын баглама халық аспабында орындаушы ретінде TRT Ankara Radio радиосында бастады және солист және орындаушы ретінде көптеген телевизиялық және радиобағдарламаларға қатысады. Қазіргі уақытта Анкара қаласындағы Түркі әлемінің мемлекеттік Музыка және би ансамблінде аспапшы және вокалист қызметін атқарады.
Гүлнар Алламбергенова (Өзбекстан Республикасы (Қарақалпақстан) Қарақалпақстанның халық әртісі Тұрғанбай Құрбановтан тәлім алған. Өзбекстан мемлекеттік филармониясының Қарақалпақ филиалының «Мухаллес» дутарлық ансамблінің музыканты. Сонымен қатар Аджинияз атындағы Нукус мемлекеттік педагогикалық институтының Музыкалық білім беру факультетінің магистранты. Гүлнар бахши қайталанбас ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, халық әндерін орындау қабілетімен айрықша танымал.
Айсен Деллохов (Саха Республикасы) виртуоз хомусшы, якут халық әндерін орындаушы. 17 жасынан бастап якут ұлттық аспабы хомуста ойнайды. Халықаралық, бүкілресейлік, республикалық конкурстар мен фестивальдарда Саха халқының бірегей мәдениетін әлемге паш етіп жүрген өнерпаз.