ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Қытай фарфоры: мыңжылдық өнері» халықаралық көрмесі ашылды
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Алматы қаласының сауда және инвестиция палатасы Қытай керамикалық саяхатын ұйымдастыру комитетімен (Цзиндэчжэнь қ. ҚХР) бірлесе отырып, «Қытай фарфоры: мыңжылдық өнері» халықаралық көрмесін ашты.
Көрмені салтанатты түрде ашқан ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы Харипова, Орталық музей «Тату көршілік қатынастардың жаңа кезеңі» бастамасының аясында, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның Қазақстан мен Қытайдың мәдени алмасуын нығайтуға бағытталған көптеген жобалары мен бастамаларын іске асыра отырып, көршілес елдермен достық қарым-қатынастарды дамытуды қолдайтынын жеткізді.
«Халықаралық көрме екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайта түсіп, Қытай елінің көнеден келе жатқан жәдігерлерін жақсырақ тануға мүмкіндік береді. Фарфор бұйымдары көз тартар әсемдігімен ғана емес, құндылығымен бағалы. Музей қонақтары ұсынылған бұйымдарды ерекше қызығушылықпен көріп қана қоймай, жоғары бағасын береді деген сенімдемін», — деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы.
Көрменің ашылу салтанатында «Цзинюньфэн Керамика Ко» бас менеджерінің орынбасары Сун Ронгин, «Jingchang Yao Ceramics Limited» компаниясы бас менеджерінің орынбасары Tan Мэй ханымға, Алматы қаласының сауда және инвестициялар палатасы Бас директорының орынбасары Шара Жандарбекқызы Ақылбаевалар сөз сөйледі. Музей басшылығы көрме ұйымдастырушыларына мәдени байланыс аясында алғыс хаттар табыстады.
Аталмыш көрме Қазақстан мен Қытай арасындағы достық байланыстар мен мәдени ынтымақтастықты паш ететін маңызды мәдени шара. Көрмеге Қытай тарихының барлық дәуірін қамтитын 108-ден астам фарфор бұйымдары қойылды. Олардың арасында X-XIV ғасырлардағы фарфордан жасалған вазалар, тостағандар, эмаль және глазурьмен қапталған ыдыстар, қоладан жасалған хош иісті бұйымдар мен шамдар бар.
Сондай-ақ келушілер «Әлемнің фарфор астанасы» ретінде танымал ежелгі Цзиндэчжэнь қаласы шеберлерінің қолынан шыққан жауһарлармен танысып, оның тарихы мен стилі және өндірісінің ерекшеліктері туралы ақпараттар алды.
Көрме 2024 жылдың 14 тамызына дейін жалғасады.