ҚР ҰЭМ-де Қазақстан мен Жапония арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды

Бүгін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямадамен кездесті.
Тараптар экономикалық ынтымақтастықты, оның ішінде сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, өндіріс пен энергия үнемдейтін технологияларды бірлесіп дамыту мақсатында Қазақстанға жапондық кәсіпорындарды тарту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, кездесу барысында білім беру және туризмді дамыту туралы сөз қозғалды.
«Жапония – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктестерінің бірі. Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы жыл сайын оң динамика көрсетіп келеді», — деді Ә.Қуантыров.
2022 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі $1,9 млрд. құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 71,3%-ға жоғары.
Өз кезегінде, Джун Ямада Жапонияның Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін растады.
«Жапония мен Қазақстан географиялық жағынан алшақ орналасқанына қарамастан, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы ұзақ мерзімді және өзара тиімді сипатқа ие», — деді жапон дипломаты.