«Сезім сапары» спектакль-туры Арқа мен Астанаға аттанбақ

Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклімен бастау алған спектакль-туры 14 маусымнан бастап Қарағанды және  16 – 17 маусым Астана қаласына жол тартады.

Қазақ әдебиетінің дара тұлғасы, халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың қарымды қаламынан туған «Махаббат, қызық мол жылдар» романы қазақ әдебиетінің ең құнды інжу-маржаны. Соғыстан өз еліне сағына оралған Ерболдың оқуға түсіп, 33-ші аудиторияда өзін гүлге толған бақта отырғандай сезінуі, өмірлік достар, және ең бастысы мәңгілік махаббатын табуы баяндалатын махаббат дастаны оқырманның ыстық ықыласына бөленгені хақ. Махаббат мәселесін арқалаған роман қай кезеңде болсын өзекті әрі өткір тақырыбымен ерек. Автордың шығармасын сахналауға асыққан кәсіби маманның қарасы көп болғанымен, қарым-қабілеті жететіндер санаулы. Неге десеңіз, махаббат тақырыбын қозғау айтуға оңай болғанымен, спектакль ретінде сахналаудың салмағы ауыр. Мәселен, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарындағы «МАХАББАТ ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР» (реж.: Ф.Молдағали) қойылымы қысқа ғана уақыт аралығында көрерменнің көзайымына айналып үлгерген.

Ерекше эстетика мен жағымды атмосфераға толы спектакльге сұраныс күн сайын артып,  ыстық ықыласқа бөленуі көңілге көркем қуаныш ұялатқаны сөзсіз. Көрермен қауымның сұранысының шексіз екеніне алыс-жақын қалалар мен шағын ауылдарда тұратындарына қарамастан, спектакльді көруге деген құлшыныстарының биік болуы дәлел.

Ұлы өнерді құрметтеген аяулы көрерменнің ыстық ықыласын ескерген театр қазақ театрлары арасында алғашқы болып арнайы өзге елді мекендер мен қалалар үшін «СЕЗІМ САПАРЫ» атты спекталь-тур бастаған. Сезімге толы сапар ақпан айында Жетісудың жайсаң жұрты бар Талдықорған қаласынан басталып, тарихы терең көне Тараз қаласына ат басын бұрған-ды. Мәдениеттің мәуе жайып, өнердің өрістеуін мақсат  тұтқан театр бұл аялдамалармен тоқтамай, наурыз айында оңтүстік өңірдегі шырайлы Шымкент пен киелі мекен Түркістан қаласының көрермендеріне көркем қойылым тарту етті. Сезімге толы сәтті сезінуге асық өнер сүйер қауымның қарасы мұнымен шектелмейтіні мәлім. Осы сұранысты ескерген Мүсірепов театры ендігі кезекте қарағандылық  және астаналық көрермендерді қуантпақ.

Саф өнерге ғашық жандарды Алатаудың төрінен келе жатқан театр мамыр айының 14 жұлдызынан бастап, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының киелі сахнасында  және Астана қалалық Жастар театрының сахнасында «Махаббат қызық мол жылдар» спектаклімен күтеді! Ербол мен Меңтайдың махаббат оқиғасының куәгері мен қойылымның  құрметті қонағы боламын десеңіз, мархаббат!