Құқықтық мәдениеттен – азаматтық жауапкершілікке

Көктемде елімізде жалпыұлттық референдум өтіп, нәтижесінде жаңа Конституция қабылданғаны баршаға мәлім. Ата Заңның жаңа жобасы қандай өзекті талаптарды қамтиды және бұрынғы басты құжаттан айырмашылығы неде деген мақсатта өткен басқосу ОКЖ қарасты №39 кітапхана базасында ұйымдастырылды. Іс-шараға «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының жетекшісі Меруерт Мәулетқызы, заңгер, сарапшы Бағдат Амандосұлы, Respublica партиясының ReJastary жастар қанатының белсендісі Рәбина Қобланқызы және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.

Бұрын Отанға деген сүйіспеншілік көбіне әскери сипатта не тарихи оқиғалармен байланыстырылып айтылса, бүгінде әр азаматтың өз саласында адал еңбек етуі, әділдікке ұмтылысы, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, ел дамуына шынайы үлес қосуы нағыз патриотизм саналады. Кітапхана қызметкері Айнұр Жандосова осы жөнінде кіріспе сөзін айтып, іс-шараға арнайы дайындалған кітап көрмесімен таныстырды. Кездесуге модератор болған Меруерт Мәулетқызы бұл ата Заңның бұрынғыдан өзгешелігі азаматтық жауапкершілік қағидаты екенін тілге тиек етті. Әсіресе жастардың болашағы үшін алаңдайтын аға буын бұл қасиетті сақтап қалу құндылығын жастарға барынша жеткізіп, жаңа конституция шеңберінде түсіндіріп беруі керектігін алға тартты. Сөз алған заңгер Бағдат Амандосұлы қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейтінін, оның шынайы деңгейі азаматтардың құқықтық мәдениетімен, заңға құрметімен және ортақ мүдде жолындағы жауапкершілігімен айқындалатынын жеткізді.
– Көп жағдайда Конституцияны тек заңгерлерге немесе мемлекеттік қызметкерлерге арналған құжат ретінде қабылдаймыз. Алайда оның әрбір бабы әр азаматтың күнделікті өмірімен тығыз байланысты. Онда адамның құқықтары мен бостандықтарымен қатар, мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттері де көрініс тапқан. Сондықтан құқық пен жауапкершілік – бір-бірінен ажырамайтын ұғым. Жаңа Конституциямен танысқан кезде мені қуантқаны жауапкершілік мәселесінің жан-жақты әрі нақты көрсетілгені болды. Яғни азаматтардың жеке бас құқықтарымен қатар олардың қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттеріне де баса назар аударылған екен. Бұл әрбір адамның заңды сақтауына, қоғамдық тәртіпті құрметтеуіне және елдің дамуына белсенді үлес қосуына ықпал етеді, – деп кей баптарға жеке-жеке тоқталды.

Жастар атынан ойын жеткізген Рәбина Қобланқызы жаңа Конституция жастарға сапалы білім алуға, ғылыммен, волонтерлікпен айналысуға және инновациялық жобаларды дамытуға ерекше құқықтық кепілдіктер беретінін айтып берді. Іс-шара соңында тыңдаушылар сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді. Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деп адам болмысының үш тірегін айтса, қазіргі құқықтық мемлекет үшін оған тағы бір құндылықты қосуға болады. Ол – азаматтық жауапкершілік. Өйткені өз құқығын ғана емес, өз міндетін де білетін адам ғана қоғамның дамуына үлес қоса алады. Іс-шараға қатысушылар осы түйінді тоқып қайтты.
М.МАУЛИНА,
журналист




