Құтырма – соңы өлім!

Құтырма – орталық жүйке жүйесіне әсер ететін зоонозды вирустық ауру. Клиникалық симптомдардың пайда болу кезеңінде өлім-жітім – 100%.

Жұқпаның көзі:

– қаңғыбас иттер мен мысықтар;

– жабайы жануарлар: қасқыр, түлкі;

– ауылшаруашылық малдары (ірі мүйізді мал, ұсақ  мүйізді мал, жылқы, шошқа) және үй жануарлары (ит, мысық).

Құтырма ауру жануарлардың тістеуінен, тырнауынан, сілекейлеуінен жұғады. Жануардың ауру екенін бірден байқауға болады деген түсінік қателік. Өйткені вирус жануардың сілекейімен ауру белгілері пайда болған уақыттан 3-10 күн бұрын бөліне бастауы мүмкін. Кей жағдайда адамдар «мені қауып алған ит сау болған, дәрігерге барудың қажеті жоқ» деп, дер кезінде медициналық көмекке жүгінбей, соңы қайғылы аяқталып жатады.

Аурудың жасырын кезеңі 7 күннен 1 жылға дейін созылады. Жасырын кезеңнің ұзақтығы:

  • жарақаттың түскен жеріне (қауіпті (бас, бет, мойын, аяқ, қол саусақтары) және қауіпсіз (балтыр, жамбас, білек) аймақтарына);
  • ауырлық дәрежесіне;
  • ауырған адамның жасына (ересектерге қарағанда, балаларда жасырын кезеңі қысқа уақыт болады);
  • жануардың түріне (иесі белгісіз ит, мысық; жабайы жануар және т.б.);
  • олардың иммундық статусына байланысты.

Жанурлардан жарақат алғанда не істеу керек? Емдік-профилактикалық иммундау құтыру ауруына шалдыққан, құтыруға күдікті немесе белгісіз жануарлармен байланыста болған және тістеген кезде жүргізіледі, бұл жағдайда қарсы көрсетілімдер жоқ.

Жарақат алғанда:

  • жараны тезірек жергілікті өңдеу (сабынмен, жуғыш затпен 15 минут ішінде жараны дереу және мұқият сумен жуыңыз, содан кейін 70º спиртпен, повидон-йодпен өңдеу);
  • көрсеткіштер болған кезде антирабиялық иммуноглобулинді енгізу;
  • құтырмаға қарсы антирабиялық вакцинаны енгізу қажет.

Иммуноглобулинқұтыру вирусын бейтараптандыру үшін қолданылатын қан сарысуынан алынған арнайы антиденелері бар гамма-глобулин ақуыздарының концентраты. Иммуноглобулин хирург, травматолог, рабиолог дәрігердің нұсқауымен жарақат алғаннан кейін 1 – 7 күн ішінде 1 рет енгізіледі.

Вакцинация – бүгінде Спеда вакцинасы қолданылуда, схемасы 0, 3, 7, 14, 28 күн. Соңғы 2 жыл осы вакцина қолданылып келеді.

Құтырма ауруының алдын алу шаралары:

  • тәуекел топтарын (ветеринарлар, орманшылар, аңшылар, ит аулаушылар, қасапхана қызметкерлері, құтыру вирусымен жұмыс істейтін зертханалардың қызметкерлері) иммундау антирабиялық вакцинамен жүргізіледі. Біріншілік иммундау 3 екпеден тұрады (0,3,7 күн), біріншілік ревакцинация 1 жылдан кейін – 1 екпе, екіншілік ревакцинация 5 жылдан кейін – 1 екпе салынады;
  • иесіз иттер мен мысықтарды аулау және оларды жою жұмыстары;
  • үй иттері мен мысықтарын асырау тәртіптерін сақтау (тіркеу, тұмылдырық кигізу, байлауда ұстау);
  • міндетті түрде жыл сайын алдын-ала құтырмаға қарсы үй жануарларына (әсіресе иттерге) екпе жасату;
  • жануарлардан жарақат алғанда медициналық көмекке жүгіну қажет.

Индира Кунбасова,

Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары.