Қытайлық сарапшылар Президенттің Қазақстан халқына Жолдауына жоғары баға берді
Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде «Қазақстан халқына Жолдау және Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚХР Мемлекеттік кеңесінің жанындағы реформаларды дамыту орталығының, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының, Қытай халықаралық істер академиясының, Жібек жолын зерттеу және жоспарлау орталығының, ҚХР Коммерция министрлігінің жанындағы Халықаралық сауда және экономикалық ынтымақтастық институтының, Қытай Халық университетінің Халықаралық зерттеулер институтының жетекшілері мен сарапшылары, сондай-ақ Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық байланыстар бөлімінің өкілдері қатысты.
Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев өз сөзінде Қытай сарапшыларын ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тармақтарымен және екіжақты ынтымақтастықтың даму үрдістерімен таныстырды.
Қытай сарапшылары Қазақстан халқына Жолдау жүргізіліп жатқан реформалардың жүйелі жалғасы болып табылатынын және оның сайлауалды тұғырнамасында айтылған мақсаттарға сәйкес келетінін атап өтті. Жолдау бағдарламалық сипатта қаралады, нақтылығы бар және қазақ қоғамының өміріндегі барлық салаларды қамтиды. Сарапшылар Жолдауда халық басымдылыққа ие екеніне және елдегі барлық өзгерістер оның өмір сапасын жақсартуға бағытталғанына ерекше назар аударды.
ҚХР Мемлекеттік Кеңесі жанындағы реформаларды дамыту орталығының Еуразия әлеуметтік даму институтының директоры Ли Юнцюань Қытай Қазақстанды «орта держава» ретінде қабылдайтынын, оған өңірдің тұрақтылығы мен дамуы тәуелді екенін атап өтіп, Қазақстан тәуелсіз сыртқы саясатты жүргізетінін және күрделі халықаралық жағдайда өзінің егемендігін берік сақтайтынын мәлімдеді.
ҚХР Коммерция министрлігі жанындағы Халықаралық сауда және экономикалық ынтымақтастық институтындағы Еуразия институтының директоры Лю Хуацинь Жолдауда елдің инвестициялық ахуалын жақсарту, экономиканы цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту бойынша нақты шаралар атап өтілгеніне назар аударды. Осыған байланысты сарапшы ҚР мен ҚХР арасындағы Инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімді өзектендіруді ұсынды.
Қытай Халық университетінің Халықаралық зерттеулер институтының профессоры Сюй Циньхуаның пікірінше, атом электростанциясының құрылысына қатысты референдум өткізу Қазақстанның Президенті Қ.Тоқаевтың энергетикалық қауіпсіздік проблемасына және ҚР халқының пікіріне негізделген елдің болашақ дамуына ерекше көзқарасын айғақтайды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар ҚР мен ҚХР арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, сондай-ақ БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия-Қытай» форматы сияқты көпжақты құрылымдар шеңберінде одан әрі ынтымақтастықты нығайту туралы пікір алмасты.