Лудоманияға қарсы іс-қимыл: Туризм және спорт министрлігі Мемлекеттік қызметшілерге арналған семинарлар өткізді
Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында Туризм және спорт министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп 2024-2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын әзірледі.
Кешенді жоспарды іске асыру аясында Туризм индустриясы комитетінің мамандары төтенше жағдайлар, көлік, оқу-ағарту және денсаулық сақтау министрліктерінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Астана, Алматы және Ақтөбе қалалары әкімдері аппараттарының, Президент Іс басқармасының мемлекеттік қызметшілері арасында, сондай-ақ «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «QazaqGaz», «Тау-Кен Самұрық», «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Қазына Келісімшарт» және т.б. 29 ұйым қызметкерлері арасында лудомания бойынша семинарлар өткізді және оның барысында лудомания проблемасы және «eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы құмар ойындарға қатысудан өз бетінше шектеу мүмкіндігі туралы кеңінен мәлімет берілді.
Сондай-ақ семинар барысында заң жобасына, атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің, әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуына тыйым салу бойынша ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі негізгі новеллалары түсіндірілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.