Лудоманияға қарсы күрес шаралары айтылды
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев лудомания және букмекерлік кеңселердің жұмысын біріктіру мәселелері бойынша «AMANAT» фракциясының кеңейтілген жиынында баяндама жасады.
Президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар Парламент депутаттарымен бірлесіп азаматтар арасындағы құмар ойынға тәуелділікпен күресу үшін заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық-идеологиялық шаралар кешенін қабылдауға тиіс.
«Өкінішке қарай, құмар ойынның жетегінде кетіп жатқан жастарымыздың саны күнара өсіп келеді. Жеңіл ақша табуға шақырған түрлі жарнама жастарымызды құмар ойынға алдап түсіріп жатыр. Қарызға батқан көп отбасы ажырасып, тіпті өз-өзіне қол жұмсаушылар да бар. Лудомания – біздің қоғамда қауіпті дертке айналды. Министрлік ойын бизнесіне қарсы күрес бойынша мемлекеттік бақылау шеңберінде бірқатар кешенді шаралар қабылдауда», — деді Ермек Маржықпаев.
Бүгінгі таңда республика бойынша ойын бизнесімен айналысуға 28 лицензия берілген. Оның бесеуі (5) казино, сегізі (8) ойын автоматтары залы, он үші (13) букмекерлік кеңсе және екеуі (2) тотализатор.
Мемлекеттік бақылау шеңберінде ойын бизнесі қызметтеріне тексеру жүргізілуде. Заң бұзылған жағдайда олардың лицензияларының күші жойылады. Биыл тексеріс нәтижесінде 7 букмекерлік кеңсенің, 5 тотализатордың және 1 ойын автоматтары залының лицензиялары тоқтатылды. Қазіргі уақытта сот арқылы тағы 3 букмекерлік кеңсені лицензиядан айыру рәсімі жүргізілуде.
Министрлік «AMANAT» фракциясымен бірлесіп «Ойын бизнесі, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметтері» бойынша арнайы заң жобасы даярлады. Бұл заң жобасында 50-ден астам нақты түзетулер көзделген. Оның ішінде:
— Букмекерік кеңселердің жарнамасын шектеу;
— Тұрғын-үй, дүкендерде, медицина, білім беру нысандарында лотоматиктерді орнатуға тыйым салынады;
— Онлайн казиноны ұйымдастырушыларға қылмыстық жауапкершілікті белгілеу;
— Онлайн казиноға, заңсыз букмекерлік кеңселерге транзакциялар жасауға тыйым салу;
— Өтелмеген қарызы бар азаматтарға, оның ішінде алименттік және салықтық жабылмаған қарызы бар адамдарға құмар-ойындарға қатысуға тыйым салу;
— Букмекерлердің қаржы айналымын нақты білу үшін – салық органдарының қаржылық-ақпараттық жүйлерімен интеграциялау;
— 21 жасқа толмаған жастарды құмар ойынға заңсыз қатыстырғаны үшін жауапкершілік бекітеміз.