Махаббат пен қызғаныш әрдайым қатар жүреді
Қыс бар билігін көктемге беруге дайындалатын боранды ақпан күндері «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында нағыз құштарлық оты лаулайды. Көрермендерді жан толқытарлық балет әлеміне шақырады: 14-15 ақпанда олардың назарына Борис Асафьевтің хореографиялық туындысы – «Бақшасарай бұрқағы» ұсынылады. Спектакльге сахна шеберлері ғана қатысып қоймайды, сондай-ақ жас әртістер дебют жасайды.
Хореограф Ростислав Захаров жасаған драмалық балеттің ең озық үлгілерінің бірі – «Бақшасарай бұрқағының» әдеби негізіне А.Пушкиннің аттас поэмасы арқау болды. Атақты балетмейстердің көптеген марапаттары бар, сондай-ақ оның еліміздің ұлттық хореография өнерінің құрылуы мен дамуына қосқан үлесі де зор. Айта кетейік, оның шығармашылық еңбегі Қазақ КСР Халық әртісі жоғары атағы берілуімен атап өтілді. Оның «Бақшасарай бұрқағының» төл нұсқасын «Астана Опера» әртістерінің жаңа буынына әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова ұқыптылықпен жеткізе білді. Ол лайықты түрде өз заманындағы үздік Зарема саналады.
«Астана Опера» балет труппасының жетекші солисі Әнел Рүстемова Зареманың партиясын Алтынай Абдуахимқызымен бірге дайындағаны өзі үшін зор тәжірибе болғанын айтты. – Әрбір дайындықта оған тәнті боламын, себебі ол қимылдарды көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар рөлдің эмоционалдық жағын да жеткізеді. Алтынай Абдуахимқызы бізге әртүрлі екенімізді және әркім өз партиясын өзінің сезінуі бойынша жеткізетінін айтып отырады. Кезінде ол өзі де Зареманы тамаша орындаған болатын, осынау керемет сомдалған бейнеге шексіз қарауға болады, барлығының сондай әсерлі және дәл жеткізілгені сонша, «Балерина қазір қандай сезімді бастан кешіріп жатыр?» деген сұрақ мазаламайды. Мен бұл партияны бірнеше жылдан бері билеп келемін. Әлбетте, кез келген рөл сахнаға шыққан сайын түрленеді, өйткені біз өсеміз, рухани тұрғыда байимыз, сәйкесінше, жаңа бояулар мен эмоцияларды қоса аламыз. Адамның қандай жолды жүріп өткені, жеңіл жол ма әлде қиын ба, – барлығы да сахнада байқалып тұрады. Мен кішкентайымнан өте сезімтал болдым, қазір бұл маған рөлді сезінуге, оны сахнада сомдап шығуға көмектеседі. Менің Заремам жыл сайын рухани тұрғыда өсіп жатыр деп ойлаймын. Сахнаға бірінші рет шыққан кезде техника, орындаудағы кейбір элементтер жайлы көбірек ойлайсың, ал келесі спектакльдерде эмоционалдық жағына молырақ мән бересің, – деді жетекші солист Әнел Рүстемова.
– Сондай-ақ рөл техникалық тұрғыда да өте күрделі, себебі қуатты партия түгелімен қарыштап секірулерден құралған. Тіпті, партияға ерлердің секіру элементтері кіреді деуге болады. Екінші актіде ғана шығатын Зареманың вариациялары бірінен соң бірі жүреді. Техникаға құштарлықты, шынайы эмоцияларды қосып, жүз емес, екі жүз пайызға өнер көрсетіп шығу керек. Партияда әйелдің ішкі жан дүниесі көрсетілгендіктен, ол маған өте жақын. Меніңше, Зарема өмірін махаббатсыз, Гирейсіз елестете алмайды, себебі оның бары да, нары да сол, оның жан-жүрегі ханға тиесілі. Бұл арада қызғаныш, құштарлық, махаббат, нәзіктік секілді әйелге тән барлық сезімдерді көрсету қажет. Сахнада оны гаремнің ханымы етіп көрсету маңызды, өйткені одан асқан сұлу әрі сүйікті әйел жоқ болатын, тек Марияның келуімен оның өмірінің астан-кестені шығып, түбегейлі өзгерді. Бала кезімнен сахнада Зареманы көрген кезде оның Марияның жанын алғанына қарамастан оған қатты жаным ашитын. Оның бұл қадамға не үшін барғанын түсіну қиын емес: ол ханның соңғы әрі жалғыз сүйікті әйелі болғысы келді, – деп пікірін қосты балерина.
Сонымен, бұл күндері қызғаншақ Зареманы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова мен театр солисі Анастасия Заклинская таныстырады, ал нәзік Марияның бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева мен Аделина Төлепова сомдайды. Балет труппасының жас әртісі Айдан Қалжан Гирей ханның партиясында дебют жасауға дайындалуда, екінші күні рөлді Жәнібек Иманқұлов орындайды. Айдан Қалжан Щелкунчик ханзада, Сұлтан Бейбарыс, Тореро секілді жетекші партияларда өнер көрсеткенін, ал енді олардың қатары тағы бір әйгілі партиямен толығатыны өзі үшін зор жетістік екенін атап өтті.
– «Бақшасарай бұрқағы» балетіндегі Гирей хан – арманымдағы партиялардың бірі, сол арманыма қол жеткізуге жақын қалды. Бұл рөл зор актерлік шеберлікті талап етеді, көрерменге оның ойын сезіндіру қажет, бұл рөлдің қиындығы әрі ерекшелігі осында. Тәлімгер ұстаздарым партияның ерекшеліктерін, сахнада өз-өзімді қалай ұстауым керектігін, қарапайым көзқарастың өзі үлкен рөл атқаратынын айтты. Олардың сенімін ақтаймын деп үміттенемін, — деді балет әртісі Айдан Қалжан.
Дарын мен эмоцияның ғажайып атмосферасында көрермендерді қайталанбас әсер күтеді, ал сахна өнер мен шеберліктің ғаламат бірігуінің куәсі болады.