Мемлекеттік қызметтер көрсету ережелеріне өзгерістер енгізу туралы айтылды

Қазіргі таңда халыққа мемлекеттік қызмет көрсету ақпараттық технологияларды қолданудың арқасында қолжетімді және ыңғайлы бола түсті. Статистика деректері бойынша 2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 1 473 745 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 99,4% қызмет электронды түрде ұсынылды. Цифрлық технологияларды енгізу азаматтарға қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етті. Электрондық форматқа көшу барлық азаматтарға қол жетімді, жылдам әрі ыңғайлы.

Айта кету керек, Мемлекеттік кірістер органдары азаматтарға 42 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олардың 1 қызметі қағаз жүзінде, 5 электронды түрде, ал 36 қызметі ақпараттық жүйелер мен «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асады.

Мемлекеттік қызметті көрсету жұмысын жақсарту және жылдамдату мақсатында өзгерістер енгізілген. Мысалы, салық төлеушілерді тіркеу мерзімі қысқартылып, лицензияларды қарау және беру процесі жеделдетілген. Қазір салықтық әкімшілендіруді жеңілдету және азаматтарға тиімді қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында барлық мемлекеттік қызметтер халыққа электронды түрде қолжетімді.

Кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімінде өзгерістер енгізілгені азаматтарға тиімді бола түсті. Мысалы: Жеке практикамен айналысатын адамды тіркеу есебіне қою туралы ақпарат бұрын үш жұмыс күні болса қазір бір жұмыс күні. Ал салық төлеушілерді тіркеу мерзімі үш жұмыс күнінен екі жұмыс күніне қысқартылған. ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою немесе шығарудың мерзімі үш жұмыс күнінен екі жұмыс күнге өзгертілген.

Темекі, этил спирті және алкоголь өнімдерінің өндірісіне лицензия беру, алкоголь өнімін сақтау және көтерме саудада өткізу лицензиясының мерзімдері өзгертіліп, қосымша лицензияны тоқтату мерзімі қысқартылды.

Құжаттарды өңдеу мерзімдері екі жұмыс күнге дейін қысқарған.

Енді барлық мемлекеттік қызметтер халыққа электронды түрде қолжетімді. Қажетті ақпаратты алу және құжаттарды рәсімдеу процесі де жеңілдеді. Сондықтан тұрғындарға мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ.

Ережелер мен стандарттар мемлекеттік кірістер органдарының ресми интернет ресурсында kgd.gov.kz сайтында бар.