Музей – мәдениеттің ғибадатханасы

Ұлылардың көзін көрген, тәлім алған, қазақтың жоғын жоқтап, көнерген мұрасын жинаған қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың биыл 2025 жылы 125 жылдық мерейтойына орай Республикалық деңгейде түрлі конференциялар, көрмелер, әдеби кештер ұйымдастырылуда.  Музейлер мен оқу орындарында әр-түрлі іс-шаралар ұйымдасуда. Алматы  шахарындағы  жазушының 1965-1973 жылдары тұрған үйінде 1978 жылдың 21 қарашасында музей ашылып, осы уақытқа дейін жұмыс жасап келеді.

Музейдің алғашқы ұйымдастырушысы жазушының  жары Мәриям Мұқанова. 1999 жылы С. Мұқановтың музейі мен Ғ. Мүсіреповтің музейі әкімшілік басқару жағынан біріктіріліп, «С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені» болып құрылды. 2015 жылы «Алматы қаласы музейлер бірлестігінің» құрамына кірді. Жалпы музей экспозициясы үш рет жаңартылды. 2000 жылы Сәбеңнің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында уақыт талабына сай жаңартылған. Уақыт өзендей ағып, заман алға жылжыған сайын ғылым мен техника да соған сай ілгерілеп келеді. 2023 жылы қала әкімдігінің, Мәдениет басқармасының және Музейлер бірлестігінің қолдауымен музейдің ашылғанына 45 жыл толуы қарсаңында күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи технологиямен жабдықталып жаңаша мазмұн тапты. Музей екі бөлімнен тұрады: әдеби бөлім және мемориалдық бөлім.  Әдеби бөлімде жазушының өмір жолын, қоғамдық қызметін баяндайтын, шығармашылық лабараториясынан сыр шертетін құнды құжаттар, қолжазбалар, фото-суреттер, қаламгерге берген кәдесыйлар экспозицияға қойылған. Осы әдеби бөлімге кіреберіс залында заманға сай төлем жасау құрылғысы – каспи QR код орналасқан. QR код арқылы музейге кез келген қонақ өзінің қоғамдық санатына қарай лайықты бағамен кіре алады. Заманауй проекциялық аппарат арқылы «Шоқан Уәлиханов», «Ботакөз» фильмдерін  көре алады. Қабырға стендтердегі мағлұмат үш тілде қазақ, орыс, ағылшын тілінде берілген, төменгі жағына QR кодтар орналастырылған осы кодтар арқылы мағлұмат алуға болады және әр әдеби бөлмеде орналасқан тач-панелдердегі мәтіндер үш тілде беріліп, тақырптарға бөлінген.

Ал мемориалдық бөлім жазушының үйінің сол кездегі атмосферасын сақтап қалған. Заманауй қондырғыларды қажет етпейтін бөлмелер – қонақ қабылдайтын, жатын бөлмесі және жұмыс кабинеті. Бұл – келушілердің көңіліне майдай жағатын, музей сүйер қонақтардың басты көретін мекені. Осыдан жарты ғасыр бұрын қаламгер қандай бөлмеде жатты, қандай ыдыспен тамақ ішті, қандай жазу үстелі болды екен деп алабұртқан көңілдердің сұрағына жауап беретін де осы бөлмелер. Сондықтан да айтарымыз, заман қанша дамығанмен де, осындай мемориалдық бөлмелер сол кездегі қалпында өзгеріссіз қалса екен.  Бүгінгі таңда музейлер – қоғамның рухани-мәдени өмірінің айнасы. Олар тек тарихи жәдігерлерді көрсетіп қана қоймай, өткен мен бүгінді байланыстыратын маңызды білім ордасына айналды. Музейлер арқылы біз ата-бабаларымыздың өмір салтын, өнерін, салт-дәстүрін тереңірек білуге мүмкіндік аламыз.

С. Мұқанов ұзақ жылдар бойы қазақтың дара перзенттерінің бірі, ойшыл-демократы, ағартушы-ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың өмірі мен еңбектерін терең зерттеп, зерде сүзгісінен өткізді.

Шоқанның ғұмырбаяндық деректерін жинау мақсатымен Омбының, Ленинградтың архивтерінде, музейлерінде, кітапханаларында отырып, 1956 жылғы Қытайға бір айға жоспарланып барған сапары, үш айға созылған. Шоқан ізімен Шыңжаң өлкесінде, Қашқарияда болып, Шоқанның табаны тиген соқпақтармен жүріп, ғасыр парақтары жауып, жасыра бастаған оқиғаларды тірілтуге тырысады. Көптеген материалдар жинайды.

Көп жылғы қажырлы ізденістерінің нәтижесінде ол «Шоқан Уәлиханов», «Қашқар қызы» пьесалары мен «Жарқын жұлдыздар» атты зерттеу еңбегін жазды. Өмірінің соңғы жылдарында Шоқан өмірінен төрт томдық кітап жазуды қолға алған еді. «Аққан жұлдыз» деп аталатын бұл романның екі кітабын жазып, жарыққа шығарды. Шоқанның жастық шағы, өскен ортасы, тәрбиесі, Омбыдағы Кадет корпусын бітіріп шыққанға дейінгі өмірі романның 1967 жылы жарық көрген бірінші кітабында суреттелген. 1970 жылы жарық көрген екінші кітабында Шоқанның генерал-губернатор Гасфорттың қарамағында адъютант болып қалғанынан бастап, Қашқария сапарына дейінгі аралықтағы тыныс-тіршілігі қамтылған. Қазіргі уақытта музей экспозициясындағы құнды жәдігерлердің бірі Шоқанның пышағы. Музейге келушілердің назары ұшы сынған кішкене пышаққа түседі. Бұл пышақты 1960 жылы белгілі сәулетші, Уәлиханов әулетінің ұрпағы Шота-Аман Уәлиханов Сәбеңе сыйға тартқан екен. С. Мұқанов 80 мың жолға жуық лирикалық өлеңдер, жиырма шақты поэма, оншақты роман, повестер, көптеген әңгімелер, оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ мәдениетінің тарихы мен этнографиясы туралы ғылыми еңбектер және басқа да көптеген кітаптар жазған. Сонымен қатар, жазушының қолының табы қалған, ұстаған жеке заттары бұл күнде музейдің құнды экспонаттары ретінде сақтаулы. Әр жәдігердің өзіне тән  баяндалар  сыры, тарихы бар. Бұл жәдігерлер тарихпен тілдесудің бір жолы, өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір деуге болады.

Жанар ТАЕВА,

«Алматы қаласының музейлер бірлестігіне» қарасты

С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық

музей кешенінің ғылыми қызметкері