Музыка кемеңгерлерінің қуаты мен айбыны
23 сәуірде «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында «BACH.CHOPIN» жаңа музыкалық-танымдық жобасы басталады. Қазақстанның Халық әртістері Жания Әубәкірова мен Гаухар Мырзабекова «Қазақстан Камератасы» мемлекеттік классикалық музыка ансамблімен шығармашылық бірлестікте көрермендер аудиториясына аспаптық өнердің жоғары шеберлігін паш етеді. Дирижер тұғырында – шақырылған мейман, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Павел Романенко.
П.И.Чайковский, И.С.Бах, Ф.Шопен, Г.Холст сынды ұлы композиторлардың туындыларын қамтитын концерт бағдарламасы классикадан бастап романтизмге дейін музыкалық стильдер мен дәуірлердің кең ауқымын көрсетеді.
— Репертуардағы әрбір туынды – бұл азды-көпті танымал шығармалар, алайда оларға оралу үшін орындаушылар әрдайым өздері үшін қандай да бір қызықты жайт пен себеп табады. Бах пен Шопенге келетін болсақ, бұл тыңдармандар үшін де, орындаушылар үшін де әрқашан қуаныш әрі сонымен бірге жұмбақ, — деп атап өтті Жания Әубәкірова.
Танымал музыканттар – пианист Ж.Әубәкірова мен «Қазақстан Камератасының» көркемдік жетекшісі, скрипкашы Г.Мырзабекованың шығармашылығы мен әріптестігі Қазақстанда фортепиано мен скрипка мектептері саласында стандарт пен сапаны, сондай-ақ симфониялық және камералық орындаушылық мәдениетті қалыптастыруды белсенді жалғастыруда. Олардың бұлжымас мақсаты – қазақстандық музыкалық өнерді тарату және әрі қарай дамыту, сондай-ақ оның озық үлгілерін халықаралық аренада ілгерілету.
— Гаухар Құрманбекқызымен бірлескен концерттерде өнер көрсеткенде де, ол «Қазақстан Камератасы» камералық оркестрін құрғанда да оның шығармашылық бейнесі маған әрдайым қызықты болатын. Концерттерге дайындық барысында Гаухардан квартеттік және ансамбльдік орындаушылықтың ерекшеліктері жайлы білу маған қызықты еді. Кейін ол өз білімімен оркестрдің жас музыканттарымен де бөлісе бастады. Нәтижесінде зор ұстаздық дарынның, камералық музыканы ойнау тәжірибесінің, ұлы ұстаздардан алған орындаушылық негіздері мен шеберліктің құпияларын білудің арқасында елімізде және одан тыс жерлерде кеңінен танылған бірегей ұжым құрылды. Ұжыммен әріптестікте жұмыс істеу — музыканттар үшін үлкен қуаныш, — деді Жания Әубәкірова.
Әйгілі пианист музыка саласындағы заманауи білім беру жайлы пайымдай отырып, оның ескі немесе бұрынғы дәстүрлі білім беруден аса қатты ерекшеленбейтінін атап өтті.
— Өз бетінше үйренуге болмайды: өз кезегінде ұстазынан алған өнерін қолдан-қолға жеткізетін ұстаз керек. Бұл бірнеше ғасыр бойы бірегей кәсіби бағыт болды. Оның заманауи болуы мынадан, яғни ойнаушы музыканттардың, ұстаздар мен жастардың толассыз қатарын көру мүмкіндігінің арқасында болды. Оларды ғаламтор арқылы тамашалауға және тыңдауға болады. Бұл зор қолдау, бірақ кейде ол жеке шығармашылық өсуге көңіл бөлуге кедергі болып жатады. Теңгерімді ұстай білу керек, — деді Жания Әубәкірова.
Гаухар Мырзабекова музыкалық білім беру мәселелерін шешуге, атап айтқанда кәсіби байланыс орнатуға, бәсекелестікті арттыруға, білікті сарапшыларды тартуға, білім мен мәдениет саласының шеңберінен шыққан көптеген әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқатуға жүйелі көзқарас қажеттігін де атап өтті.
— Шығармашылық тұлғаны қалыптастырумен көбірек айналысып, бітпейтін қағазбастылық пен есеп беруден арылу үшін мұғалім мәртебесін қайта қарау маңызды. Жағдайға шынайы көзбен қарау қажет және дербес мәдениет болып қалғымыз келсе, тұтас бір ұрпақ қарқынды жұмыс істеуі керек екенін түсінуіміз керек. Бұл кәсіби құндылықтарды сақтауға және келешекте оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Танымал скрипкашы Гаухар Мырзабекова жаңа жоба жайлы айта отырып, бірлескен шығармашылық жолдың қалай басталғанын есіне алды. – Мәскеу консерваториясын тамамдағаннан кейін біз Жания Яхияқызы екеуіміз дуэт болып өнер көрсету арқылы күшімізді біріктірдік. Бұл бізге ұлан байтақ елімізді Франциядағы байқауда таныстыру құқығы үшін бүкіл Кеңес Одағының үздік музыканттарының арасында болған қатаң іріктеуден өтіп, байқауда жеңіске жетуге мүмкіндік берді. Көптеген жылдар өткеннен кейін, мәдениетіміздің бүгінгі таңда қандай сын-қатерлерді бастан өткеріп жатқанын көре отырып, тағы да күш біріктіру қажет екенін әрбіреуіміз түсінеміз. Жания «Камератамен» бірге өнер көрсеткен жуырдағы концерт біздің қазіргі әріптестігімізге түрткі болды.
«BACH.CHOPIN» жобасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді. Бұл тек концерт емес, сонымен бірге Қазақстанда мәдени процесстердің белсенді дамуы жалғасып, ауқымды көрермендер аудиториясының назарын аударуға және жоғары музыкалық академиялық деңгейді паш етуге мүмкіндік беретін жаңа коллаборациялар жасалып жатқанының жарқын дәлелі екенін атап өту маңызды.