Абай облысында алғаш рет Республикалық студенттер форумы өтті

Абай облысында Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Жастар жаңа геологиялық жаңалықтар жолында» І Республикалық студенттер форумы өтті

Мақсаты — Қаныш Сәтбаевтың өмірін, шығармашылығын, еңбектерін жастар арасында насихаттау, ғалымның ғылыми мұрасын сақтау.

Форумға Жамбыл, Ақмола,  Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінің оқу орындарының студенттері және Абай облысынан екі команда қатысты. Барлығы 7 команда өзара бақ сынады.

Форум аясында студенттер ҚР пайдалы қазбалар кен орындары, компаспен жұмыс, тау-кен геологиялық жұмыстарды жүргізу кезіндегі қауіпсіздік техникасы бойынша тапсырмалар орындады. Екінші кезеңде байқау жұмыстары — «Қаныш Сәтбаев-көрнекті қазақстандық ғалым», «Сәтбаев-қазақ халқының даңқты ұлы», «Қаныш Сәтбаев мұрасы» бейнероликтері ұсынылды. Шығармашылық кезеңде командалар Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен қызметін насихаттайтын алдын ала дайындалған шығармашылық өнерлерін паш етті. Қатысушылар ән шырқады, Қ.И. Сәтбаевтың өмірі туралы туындыларын сомдады, ал кейбір командалар ғалымның өмірі мен ғылыми қызметі туралы тұтас театрландырылған қойылым дайындады.

Жеңімпаздар Абай облысы білім басқармасының дипломдарымен марапатталды. Қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлық-колледж логотипі бар футболкалар табысталды.

І орынды Павлодар облысы командасы алды, ІІ орынды  Жамбыл облысы командасы еншілесе, жүлделі ІІІ орын Шығыс Қазақстан облысы командасына бұйырды. Басқа қатысушылар «Жұлдызды Сәтбаевшылар», «Үздік бейнеролик»,  «Сәтбаев мұрагерлері», «Шығармашылық шеберлік» номинацияларымен марапатталды.

Айта кетейік, атаулыға датаға сәйкес республикалық форум облыста биыл алғаш рет ұйымдастырылды.