NU Азиядағы үздік университтердің 11%-ына кірді

Times Higher Education (THE) халықаралық рейтингіне сәйкес Nazarbayev University Азиядағы үздік зерттеу университеттерінің 11%-ына кіріп, тағы бір рет Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атанды.

1 мамырда THE Азия елдері университеттерінің рейтингін жариялады, онда NU 1 127 ЖОО арасында 129-орынға ие болып, Қазақстанның басқа білім ордаларын жүздеген тармаққа басып озды.

«Біз Азияның үздік университеттерінің 11%-ының қатарына кірдік, бұл көрсеткішпен мақтанамыз. Академиялық және ғылыми жетістіктерге жету жолындағы көпжылдық жұмысымыз өз жемісін бере бастады. Одан да жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін алда атқаратын жұмыс көп. Осы орайда бүкіл NU қауымдастығы мен Үкіметке көптеген жыл бойы университетке қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді. Әрі қарай да Қазақстанның дамуына үлес қосуды жалғастырамыз деп уәде береміз», — деді NU Президентінің м.а., доктор Илесанми Адесида.

2024 жылы Азияның үздік үш университеті ретінде Циньхуа университеті, Бейжің университеті және Сингапур ұлттық университеті танылды. NU-мен бірге аталған оқу орындары – Азия елдері университеттері альянсының (AUA) негізін қалаушылар, бұл оқу орындарына тұрақты негізде тәжірибе алмасып отыруға және бірлесіп зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, 2023 жылғы қыркүйекте Times Higher Education әлемдік университеттердің жыл сайынғы рейтингін жариялады, оған NU алғаш рет кіріп, бірден Орталық Азия мен Кавказдың жоғары оқу орындары арасында көшбасшы атанды. Оқу орны 501-600 арасындағы диапазонға кіріп, бүкіл әлем бойынша ең үздік зерттеу университеттерінің 30%-ына кірді.

Азия елдері университеттерінің рейтингі әлемдік THE рейтингінің әдістемесін қолданады, бұл ретте білім ордаларының ғылыми-зерттеу жұмыстары, мақалалары мен жарияланымдары және ғалымдардың оларға жүгінуі бойынша көрсеткіштер бағаланады.

2024 жылғы наурыздағы деректерге сәйкес, NU-дың ғылыми мақалаларының саны 8 444-тен асты – бұл 2011 жылдан 2024 жылға дейін жарияланған қазақстандық жоғары оқу орындарының барлық мақаласының шамамен 1/6 бөлігі  (52 258). Осы уақыт ішінде ЖОО Q1 деңгейіндегі Scopus журналдарында (басқа ғалымдардың жүгіну деңгейі жоғары) 3 690 мақала жариялады, бұл 2011 жылдан бастап қазақстандық жоғары оқу орындары Q1 журналдарында жариялаған барлық ғылыми мақаланың үштен бірі.

Соңғы бес жылда NU ғалымдарының жарияланымдарына жүгіну индексі (FWCI) 1,49 болып отыр. Бұл NU мақалаларына басқа ғалымдардың бүкіл әлем бойынша ортақ көрсеткештен 49%-ға көп жүгінетінін білдіреді.

Университеттің алдында тұрған келесі стратегиялық міндет – 2030 жылға дейін THE рейтингі бойынша әлемдегі үздік университеттердің 20%-ына кіру.