«Опералия-2024»: шаттық пен жарқын эмоциялар

«Астана Операда» ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі өз мәресіне жетті. Бір жарым айға жалғасқан уақыт ішінде опералық және балеттік қойылымдарды, сондай-ақ концерттік өнер көрсетулерді 15 мыңнан астам көрермен тамашалады.

Мұндай халықаралық деңгейдегі фестивальді бастап беру зор міндет еді, осы орайда 31 мамырда Гала-операда театрдың опера труппасының солистері – Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова, Мейір Байнеш және тағы басқалары италиялық әріптестері – сопрано Дезире Ранкаторе, баритон Альберто Газале, тенор Джулио Пеллигра, дирижер әрі бағдарлама авторы Джузеппе Акуавивамен бірлесіп, нағыз мерекенің атмосферасын жасады. Ал 2 маусымда Гала-балетте театрдың балет әртістерімен қатар, Ляонин балетінің премьері Чжан Хайдун мен солистер Сунь Хуэйсинь, Чжан Юйи, «Урал Операның» примасы мен премьері Елена Воробьева мен Алексей Селиверстов жарқын өнер көрсетті. Елордалық көрермендер Гала-балеттегі жарқын премьераларды ерекше атап өтіп, отандық балетмейстерлердің ұлттық нөмірлерді қоюға деген талпыныстарына қуаныштарын білдірді.

– «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына Анвара Садықова мен Алмат Шәмшиевтің хореографиясындағы «Жәрмеңке», сондай-ақ Анвара Садықованың Steppe Sons альтернатив-фолк тобының музыкасына алғаш рет орындалған «Сарматтық абыз әйел» деп аталатын жаңа нөмірлер айрықша есімде қалды. Hassak этно-фольклорлық ансамблінің «Аманат» музыкалық композициясына жас хореограф Сұлтанбек Ғұмардың «RUH» нөмірі де атап өтуге тұрарлық. Жалпы, отандық балет өнерінде мұндай ұлттық нөмірлердің көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл жай ғана қимылдар емес, хореографтар би арқылы халқымыздың тарихын сөйлеткен екен. Елордалық театр әртістеріне және де Қытайдан, Ресейден ат терлетіп келген шетелдік әртістерге зор алғысымды білдіремін, – деді көрермен Шынар Қасымова.

«Астана Опера» фестиваль аясында жекелеген әртістерді ғана емес, тұтас ұжымды да қарсы алды. Осылайша 4 маусымда қарағандылық Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі атақты композитор С.Мұхамеджановтың 100 жылдығына арналған «Дархан дала» концертін көрермендерге ұсынды. 

Фестивальге келген қауым өздері үшін інжу-маржандарға толы сандықты ашқандай болды, себебі әр кезде олардың назарына опера мен балет өнерінің жауһарлары кезекпен таныстырылып отырды. Сонымен 15-16 маусымда көпшілікке танымал солистердің қатысуымен Дж.Пуччинидің «Турандот» керемет операсы ұсынылды. Шақырылған солистердің қатарында Калафтың партиясын орындаған грузиялық біртуар тенор Георгий Ониани де болды. Алыс-жақын шет елдерден келген меймандар өздерімен бірге «Опералия» мен Қазақстанның елордасы жайлы жылы естеліктерді ала кетті. Г.Ониани қазақстандық масс-медиа өкілдеріне берген сұхбатында мұндай жоғары деңгейдегі фестивальге қатысу әрбір әртіс үшін зор мәртебе екенін атап өтті.

Шынымды айтсам, көпшілікке жоғары деңгейдегі фестивальді сыйлауға мүмкіндіктеріңіздің бар болғанына сіздерге грузин ретінде қызығып тұрмын. Бұл сіздердің көрермендеріңіз үшін зор бақыт. Бізде, яғни Грузияда да мұндай фестивальдерді өткізуді құдай нәсіп етсін, – деп жылы лебізін білдірді шақырылған солист.

Фестивальде таныстырылған Л.Делибтің «Коппелиясы» мен М.Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» балеттері біртуар хореограф Р.Петидің 100 жылдығына арналғанын айта кетуіміз керек. Сөйтіп, «Опералияда» айтулы тұлғалар да ұмыт қалмай, олардың шығармашылығы жаңа жанкүйерлер тапты. Сондай-ақ 26-27 маусымда Astana Opera халықаралық опера академиясы солистерінің қатысуымен Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсы өтті. Академия тыңдаушыларының қос құрамы бас сахнада өнер көрсете отырып, үлкен өнерге алғашқы маңызды қадамдар жасады. Ал 30 маусымда көпшілік ұнататын ұлттық опера М.Төлебаевтың «Біржан – Сарасы» орындалды.

– «Опералияның» ашылуында менің отандастарым өнер көрсеткендіктен Қазақстанға мамырда барғым келген. Алайда тек маусымда келудің сәті түсті, дегенмен мен еш өкінбеймін, өйткені қазақ опера өнерінің жауһары «Біржан – Сарамен» танысып қайттым. «Бұл құлақ құрышын қандыратын не деген нәзік әуен» дедім іштей. Қазақстандық опера әншілері Бибігүл Жанұзақ пен Мейір Байнеш мені қатты тәнті етті, – деп жазды италиялық көрермен Алонзо Бьянки өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Шіліңгір шілдеде де «Астана Операға» келген жұлдыз меймандардың саны аз болмады. 6-7 шілдеде П.И.Чайковскийдің әйгілі «Евгений Онегин» операсына шақырылған әртістер – италиялық маэстро Джузеппе Акуавива, К.С.Станиславский және Вл.И.Немирович-Данченко атындағы Мәскеу академиялық музыкалық театрының солистері сопрано Элеонора Макарова мен баритон Евгений Качуровский, сондай-ақ Тәжікстаннан тенор Шохрух Юнусов қатысты.

Ғаламат фестиваль кезінде көпшіліктің түрлі күндері камералық музыкамен де рақаттануға мүмкіндігі болды. К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында Иньяки Альберди (аккордеон, Испания), Кетеван Абиатари (сопрано, скрипка, Италия / Грузия), Елизавета Александрованың (арфа, Санкт-Петербор) концерттері өтті. Сондай-ақ «Астана Опера» қазақстандық жас лауреаттарға да дәстүрлі түрде қолдау көрсетеді, олардың қатарында Генрик Венявский атындағы XVI халықаралық скрипкашылар беделді байқауының лауреаты Меруерт Карменова (Бельгия / Қазақстан), көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Александр Кутузов пен Бекзат Рақымов (Алматы / Мәскеу) бар, олардың концерттері тыңдармандарға ұмытылмас әсер сыйлады.

Ал К.Вебердің «Ерікті мерген» операсының концерттік орындаудағы премьерасы фестивальдің лайықты қорытындысы болды. Тыңдармандар қазақстандық көпшілікті әрдайым тың туындылармен таңғалдыратын қоюшы дирижер – «Астана Операның» бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаевқа, сондай-ақ театрдың симфониялық оркестрі мен опера труппасы әртістерінің шеберлігіне тәнті болып, ду қол шапалақ соқты. Барлық фестиваль бойы Алан Бөрібаевпен қатар, дирижер тұғырына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, Джузеппе Акуавива, Ерлан Бақтыгерей, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин мен көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Элмар Бөрібаев көтерілді.

 «Опералия-2024» әртістер үшін өздерін жаңа қырынан ашып, көрермендерді жарқын дебюттерімен қуантқан алаңға айналды. Атап айтсақ, «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаевтың Калафтың партиясындағы дебюті айтулы оқиға болды. Фестиваль көрермендердің ғана емес, отандық БАҚ өкілдерінің де зор қызығушылығын туғызды. Мәселен, отандық масс-медиада 190-ға  жуық материал жарық көрді. Телеарна, газет, радио мен ақпараттық порталдар «Опералияның» ашылуынан бастап жабылуына дейін қызықты әрі танымдық материалдарды үзбей жариялап тұрды.

Зор шаттыққа бөлеп, жарқын эмоциялар сыйлаған «Опералия-2024» фестивалі шын мәнінде асқақ өнер мерекесі және осынау жаздың ең айтулы мәдени оқиғасы болды.